Қарағанды облысында тергеушілер мен адвокаттарға жағдай жасалды

  • 12
  • 22.10.2025, 19:43

Солардың бірінде тергеуші, адвокат, қадағалаушы орган өкілі, сот приставы, қоғамдық қорғаушылардың өз қызметін сапалы атқаруы үшін кабинеттер ашылды. Бұл күдіктілерді изолятор аумағынан шығармай-ақ тергеу жұмыстарын қауіпсіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Адам бар да қылмыс та тоқтамайды. Қайтсек те, заң мен мораль шеңберінен шығатын азаматтар қатары азаймай тұр. Мәселен, Қарағанды облысындағы 61 түзеу мекемесіне күніне 5-10 адам қамалады. Ал дәл қазіргі таңда тергеу изоляторында 650 күдікті отыр. №61 түрмеде сол азаматтардың ісін тергейтін, ал қысқамерзімді кездесулер өткізілетін 14 кабинет болған. Тергеуші де, қадағалаушы орган да, адвокат та, қоғамдық қорғаушы да, күдіктінің туған-туысы да сол кабинеттерге тәуелді еді. Күні кеше мекемеде тағы 18 жаңа бөлме ашылды.  

Марат Оралбаев, №61 түзеу мекемесінің бастығы, юстиция полковнигі:

- Бұл дегеніміз қорғаушылардың жұмысын, тергеушілердің жұмысын жеңілдетеді. Қазіргі таңда кем дегенде 70 адам тергеу изоляторына келеді. Ол тергеушілер, қоғамдық қорғаушылар, адвокаттар.

Бұл жаңа кабинеттердің ашылғанына әсіресе адвокаттар қуанды. Өйткені олар қорғауындағы азаматпен кездесіп, оған заңды көмек көрсету үшін 2-3 сағаттап кезек күтетін.

Марал Сайлаубай, адвокат:

- Бұрын сотқа дейінгі тергеушілер, қадағалаушы орган өкілдері, адвокаттар, қоғамдық қорғаушылар, бәріміз бір-бірімізді күтіп отыратынбыз. Қазір біздің өзімізге жеке 8 кабинет бөліп отыр. Бұл адвокаттардың асықпай, сапалы жұмыс істеуіне жасалған жақсы жағдай.

Кабинеттер әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Тергеу изоляторларындағы қоғамдық қауіпсіздік концепциясына сәйкес келеді. Оңайлықпен сынбайтын әйнектер орнатылған.    

Марат Оралбаев, №61 түзеу мекемесінің бастығы, юстиция полковнигі:

- Тергеу изоляторынан аумағынан 10 айдың қорытындысы бойынша 2 мыңға жуық азамат шығарылған болатын, тергеу кабинетінің ашылуы енді оларды излятор аумағынан шығармай-ақ тергеуге мүмкіндік береді. 

Күдіктіні тергеу изоляторының аумағынан шығармау – оның қашуына, конвойларға шабуыл жасауына жол бермейді, қоғамның қауіпсіздігін сақтайды. Мұндай кабинеттер енді еліміздің басқа түзеу мекелерінде де ашылмақ.

Мақпал Мадиярова, Әлібек Әлиев