Биыл өңір диқандары 250 мың тоннаға жуық өнім жинауды жоспарлап отыр. Орташа өнімділік гектарынан 40 центнер. Ал өнім бірден Меркідегі қант зауытына жеткізілуде.
Тәжірибелі дихан Таласбек Шертаев қант қызылшасын егумен 20 жылдан астам уақыттан бері айналысады. Биыл ол 32 гектар алқапқа дән сепкен. Соңғы егіс маусымы шаруаны біраз әбігерге салған. Ол жиналған өнімін өткізе алмай әлекке түсті. Ал биыл барлық мәселелер дер кезінде шешілгенін айтады.
Таласбек Шертаев, шаруа:
- Биылғы тазалық жұмыстарын айтсақ, қазірден бастап басталмай жатып жиналыс жасағанбыз. Әр аудандарға мынадай таллондар берген. Міне, осындай таллондармен кіріп жатырмыз. Қатты бір алып бара жатқан мәселе жоқ. Штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз.
Жалпы биыл өңір шаруалары 6 мың гектар алқапқа қант қызылшасын еккен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Оған себеп өткен жылы диқандар дайын өнімдерін өткізе алмай дағдарып қалған еді. Жауаптылар: «биыл мұндай мәселе болмайды», - деп отыр.
Саха Манатов, облыстық қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- Зауыт басшылығымен және әкімдікпен келісіп, арнайы кесте жасалды. Яғни әр ауданнның өзінің белгіленген уақыты бар. Қазір қант зауыты өнімнің бір келісін 13 теңгеден қабылдап жатыр. Ал 25 теңгесін мемлекет өтейді. Енді келер жылдары зауыттағы қызылша бағасы көтеріліп, 15-20 теңгеге жетеді деген үміттеміз.
Келесі жылы Тараздағы қант зауыты модернизациядан кейін пайдалануға беріледі. Ал Байзақ ауданында жаңа зауыт іске қосылады. Жалпы елімізде тәтті түбірді толығымен өңдеу үшін тағы 2 қант зауытын салу керек.
Абзал Азаматұлы, Анастасия Сүлейманова, Эльдар Байділда