Қызылорда облысында тауарлы балық шаруашылығы көбейді

  • 16
  • 22.10.2025, 19:45

«Алдағы уақытта бұл кәсіп түрін қолға алатындар қатары артуы мүмкін», - дейді мамандар. Өйткені мемлекет тарапынан қолдау аясы артады. Тоған салып, түрлі құрылғы сатып алғандарға қомақты субсидия берілмек. 

Мұхтар Нұртаев соңғы төрт жылда тоған шаруашылығын дамытып келеді. Кәсіпкер жыл сайын 50 тонна сазан шабағын өсіріп, сатумен айналысады. Бір бөлігін өз иелігіндегі көлге жібереді. Қазір кәсіп иесі өндіріс ауқымын кеңейтуге кіріскен.

Мұхтар Нұртаев, кәсіпкер:

- Жоба бойынша біз 23 гектар тоған қазып жатырмыз. Біз соған жұмыс істейміз. Ол жерде де 50 тоннадан 100 тоннаға дейін бағытталған шаруашылық. Құдай қаласа, келесі жылы кезең-кезеңімен қоса береміз. 

Балық шаруашылығын дамыту мақсатындағы инвестициялық жобаларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Биыл Қызылорда облысында бұл мақсатқа 10 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал келесі жылдан бастап субсидия көлемі 250 миллион теңгеге дейін ұлғаймақ. «Себебі аймақта тауарлы балық өсірушілердің қатары жыл сайын артып келеді», - дейді мамандар.

Ғалымжан Еркебай, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Бізде балық өсіру бағыты бойынша жылына 2024 жылы мың тонна балық өсіріліп сатылған болса, биыл 1500 тоннаға бегітілген. Қазіргі таңда балық өсірушілердің көлемі де көбейіп келе жатыр. 

Өңірде қазір 80-ге жуық тауарлы балық шаруашылығы жұмыс істеп тұр.  Мұнан бөлек, Сырдария өзені мен Арал теңізінен және 160 көлден су маршаны сүзіледі. Облыс көлемінде 10 балық өңдеу зауыты бар. Былтыр Қызылорда облысынан 13 мемлекетке 4,5 мың тонна балық өнімі экспортталды.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин