Елде Қазақстан есімді 28 адам тұрады

  • 11
  • 22.10.2025, 20:05

Олардың арасында бір әйел бар. Мұндай есімдердің көбі Қарағанды облысында тіркелген. Солардың бірі облыс орталығының тұрғыны Қазақстан Жарқын. 

Сирек әрі ерекше есім иесі Қазақстан Жарқын атасы мен әжесінің қолында өсті. Кішкентай кезінен үлкендер берген ғибратты есінен шығармай,  өз атына сай болуға тырысты. 

Қазақстан Жарқын, қала тұрғыны:

-Менің есімімді 90 жасында Қазақстан деп әжем қойған. Осы тәуелсіз мемлекетіміздің есімін бергісі келіпті. Патриот болған кісі. Білдей бір тәуелсіз мемлекеттің есімі болғандықтан салмағы, жауапкершілігі мол. Осы Отанымыздың алдында борышымды да атқарғанмын. Мемлекеттік қызметке мемлекетіміздің дамуына үлесімізді қосу үшін тұрдым. 

Қазақстан Жарқын Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №29 мемлекеттік мекемесінде жедел уәкіл болып істейді. «Бұл барынша ұқыптылықты, кәсіби шеберлікті талап ететін жұмыс», - дейді. 

Қазақстан Жарқын, қала тұрғыны:

- Иә, әркез жұмыстағы қиындықтарға дайын болып, алдын ала барлық ақпаратты біліп отыру керек. Сен алдын ала жедел жұмыс істеу керексің. Сол сияқты құжат бойынша да көп. Арман көп қой енді. Мақсатым – осы жолды таңдаған соң биік шыңдарға жету. «Қазақстан табиғатынан салмақты, сабырлы», - дейді әріптестері. Қиын сәтте қолғабыс беретін адал дос. Жұмысына шын берілген, өз ісінің нағыз маманы. Ұжымдастары оны осы қасиеттері үшін ерекше сыйлайды.

Жансейіт Әбілқасымов, Қазақстан Жарқынның әріптесі:

- Жарқын Қазақстан өте тиянақты, жұмысына адал, патриот азамат. Өзі қазақ күресімен айналысады. Бізде ішкі істер органдары арасында сайыс болып тұрады. Сол сайысқа белсенді түрде қатысады. Өзге де спорт түрлері, футболдан, басқа да шараларға белсенді қатысады.

Қазақстан Жарқын – қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат, бірталай республикалық турнирдің жүлдегері. Сондай-ақ футболды да жақсы көреді. Жұбайымен қазір бір ұл тәрбиелеп отыр. Отбасы үшін Республика күні – ерекше мереке. Бұл күн оларға жаңа жетістіктерге ұмтылып, Отан игілігіне еңбек етуге шабыт береді.