Кескен-Күйік қаласының нақты тарихи кезеңі анықталды

  • 19
  • 23.10.2025, 19:34

Қызылорда облысындағы Кескен күйік қаласының нақты тарихи кезеңі анықталды. Қала біздің заманымыздағы бесінші ғасырда бой көтеріп, 700 жылдай өмір сүрген. «Бұл дерек радиокөміртектік талдау нәтижесінде дәлелденді», - дейді зерттеушілер. Археологтар биыл алғаш рет қаланың орталық бөлігінде қазба жұмыстарын жүргізген. Олар биіктігі 1,6 метрден асатын жақсы сақталған қабырғаларды тапты. Мамандардың айтуынша, алдағы маусымдарда көне қабырғаға салынған суреттер зерттеледі. Сондай-ақ биыл археоботаникалық зерттеу барысында жергілікті халықтың егіншілікпен айналысқаны және асқабақ өсіргені дәлелденді. Археологиялық экспедицияны еліміздің ЮНЕСКО және СЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин басқарды. 
 
Дмитрий Воякин, археолог:

-Біз асқабақтың бөтелке пішінді түрі өсірілгенін анықтадық. Ол сол кезде ыдыс ретінде де, музыкалық аспап ретінде де кеңінен қолданылған. Бұған дейін біз мұндай өсімдік орта ғасырларда өсірілгенін білмеген едік. Ал енді нақты дәлелдеріміз бар. 

Зертханалық талдаулар жалғасуда және жақын уақытта сол дәуір халқының тағам рационы, шаруашылық қызметі жөнінде толық мәлімет ұсынатын боламыз.