Шымкенттік омарташылар шетелге бал экспортын ұлғайтпақ

  • 14
  • 23.10.2025, 19:39

Шымкенттік омарташылар шетелге бал экспортын ұлғайтпақ. Сауда-саттық байланысын жандандыру үшін Ресей, Қытай және Өзбекстан тарапымен құжаттарды реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері мәлімдеді. Сала мамандарының айтуынша, отандық балға нарықта сұраныс жоғары. 

Өңірдегі отбасылық омарташыларды біріктірген шаруашылықта жылына 80 тонна өнім шығарылады. Жаңа бағдарламалық өзгерістерге сәйкес жинақталған ара балы бірге өңделіп, нарық талаптарына сәйкестендірілді. Заманауи технологиялар өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. 

Ирина Демидова, омарташы:

-Омарташылар өнімін өткізу үшін ресми келісімшарттарға иек арта бастады. Енді ара балы дүкендер мен сауда желілеріне тікелей шығарылады. Жаңа бағдарлама тұтынушылар үшін тиімді.   

Омарташылар өнім көлемін арттыру үшін ғылыми әдістерге жүгінеді. Төзімді жаңа буын аралар өсіріліп, балдың да сақталу мерзімі артқан. Сала мамандарының айтуынша, бәсекеге қабілетті өнімге сұраныс та жоғары. 

Роза Жұмақылышқызы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты: 

- 5 жылдық статистиканы қарасақ біздің араларға сұраныс жыл сайын көбейіп жатыр. Мысалыға 20-30% өскен. Біз оны шетелге өз брендіміз сияқты таныстырғымыз келеді. 

Жергілікті шаруашылықтар жылына 320 тонна бал өндіреді. Салаға жауаптылардың айтуынша, сапалы өнімді субсидиялау бағдарламасы арқылы экспорттық әлеует артады. Қазір Ресей нарығынан бөлек, Қытай, Өзбекстан тарапымен келіссөздер жүріп жатыр. 

Сағдат Маханов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы 30 миллионның үстінде субсидия қарастырылған. Егер жылдың соңына дейін өтініш саны артатын болса қосымша қаржы қаралатын болады. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Қытай мемлекеттеріне де экспорттау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 

Өңір климаты омарта шаруашылығына өте қолайлы. Күн молынан түсіп, бал өндіруге қажетті өсімдіктердің өсу кезеңі ұзақ сақталады. Бұған дейін мемлекеттік субсидия тек селекциялық жұмыстарға берілсе, қазір өндірілген бал көлеміне қарай қолдау көрсетіледі. Бұл өзгеріс шаруашылықтарға жаңаша серпін сыйлады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов