Әлеуметтік-еңбек саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді

  • 38
  • 24.10.2025, 19:32

Сала мамандары әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған халықаралық форумда марапатталды. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы, ЮНИСЕФ және өзге де серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты. Үкімет басшысы мінберден әлеуметтік қорғау саласын жетілдіру бағытындағы жүйелі іс-шараларды атап өтті. Оның ішінде еңбекақыны кезең-кезеңімен өсіру, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған реформалар бар. Форум аясында азаматтарға қолдау көрсетуді жеңілдететін инновациялық жобалар да таныстырылды. 

Айта кетейік, қазір ел бойынша бұл салада 40 мыңға жуық маман жұмыс істейді.

Амангүл Нұрлаева, «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ директоры: 

- Мен осы салада 88-ші жылдан бері еңбек етіп келемін. Еңбек өтілім – 37 жыл. Бұл сала өте қиын, оны бәрі біледі. Жүрегі кең, жауапкершілігі мықты адамдар ғана жұмыс жасай алады деп ойлаймын. 

Нұргүл Дүкенова, әлеуметтік қызметкер:

- Еңбегімізді елеп, марапаттап жатқан еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көп-көп рақмет айтамын. Бүгінгі келіп жеткен әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.