Сауда және ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда үйлерінде тұрмыстық техникадан бастап киім-кешек, азық-түлік сияқты сұранысқа ие барлық тауарлар 10 пайыздан 50 пайызға дейін жеңілдікпен сатылып жатыр. Мамандар мұндай кең ауқымды жеңілдіктер тұтынушылар үшін тиімді сауда жасауға, ал отандық өндірушілер мен кәсіпкерлерге өз өнімдерін көпшілікке ұсынуға тамаша мүмкіндік беретінін айтады. Акция 27 қазанға дейін жалғасады.
Сондай-ақ жеңілдіктер апталығында түрлі бонус, сертификаттар ұсынылып, тегін жеткізу қызметтері көрсетіледі. Көптеген сауда орындары осы күндері, тіпті өздерінің жұмыс уақытын да ұзартып отыр. Бұл тұрғындарға ыңғайлы уақытта сауда жасауға мүмкіндік береді. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мамандарының айтуынша, іс-шара нарықты қолдау және тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Абай Шенгелбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы:
- Мұндай акциялар ішкі нарықтағы тұтынушылық белсенділікті арттырумен қатар кәсіпкерлер мен өндірушілер арасындағы бәсекені күшейтіп, сауда саласының дамуына серпін береді. Жеңілдіктер апталығы аясында тұрғындар тек тиімді бағамен сауда жасап қана қоймай, отандық кәсіпкерлерді қолдауға, сонымен қатар сапалы әрі қолжетімді тауарларды таңдауға мүмкіндік алады.