Бірнеше шағынауданның жолы асфальтталып, балалар ойын алаңдары орнатылып, жарықтандыру жүйесі қалпына келтірілуде. Сондай-ақ тұрғындардың демалыс орындары да жаңартылды.
Сәтбаев қаласының шеткі бөлігіндегі аулаларға абаттандыру жұмыстары бұрыннан қажет болатын. Бұл жердегі жолдар ескі, жаңбыр мен лай кезінде жаяу жүру де, көлікпен өту де қиындық тудырған. Балалар алаңы да тозған. Биыл жергілікті билік төрт шағынаудандағы аулаларды абаттандыруға 450 миллион теңгеден астам қаражат бөлді.
Қанат Исаев, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Ең бастысы, балаларға. Әйтеуір осы жерде тура көз алдында жүреді. Есік алдына шығасың. Бұл жерде отыратын орындық бар. Сол жерде отырып, балаларға қарап отырасың. Көз алдында ойнап жатады. Сонысы жақсы.
Аулаларға жарық бағаналары мен қоқыс контейнерлері орнатылды. Мердігер мекеме асфальт төсеу, балалар ойын алаңдарын, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою жұмыстарының басым бөлігін атқарған. Демалыс орындарын абаттандыру бойынша да бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен шамамен 3 миллиард теңге бөлінді.
Ахмет Сыздыманов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:
- Абаттандыру жұмыстарының аясында 25 мың шаршы метр асфальт салынды. Балалар алаңдары 5-6 балалар алаңдары жаңартылды. Жаңа заманауи стильдегі жаңа балалар алаңдары орнатылды. Жарық шамдары орнаталды. Талдар кесіліп, орындықтар орнатып, қаланың төменгі бөлігін абаттандырдық. Көшенің басында 4 мың шаршы метрдей үлкен саябақ салынды.
Биыл Ұлытау облысында 50-ге жуық балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында заманауи жаттығу кешендері орнатылды. Қазір аймақта саябақтар мен скверлер жаңартылып, халықтың демалуына қолайлы жаңа орындар ашылып жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Елизавета Шалина, Нұрлан Исмаилов, Гүлшахира Серекбаева