Ел азаматтары зейнетақы қорындағы ақшасының артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін бұрынғыдай пайдалана алады. Бұл туралы «Отбасы банктің» баспасөз қызметі хабарлады. Яғни ешқандай шектеу қарастырылмайды. Осыған дейін «Отбасы банк» зейнетақы төлемдеріне алынған пәтердің бір емес бірнеше рет қайта сатылғанын анықтаған. Оны алған әрбір адам зейнетақы қаражатын осы пәтерді сатып алу үшін пайдаланған. Мұндай жағдайда заң бұзылмаған. Бірақ зейнетақы қаражаты нақты мақсатта пайдаланбаған соң үй бағасына әсер етуі мүмкін. Осы қауіптің алдын алу мақсатында «Отбасы банк» Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хат жолдап, «Зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережесіне» өзгерістер енгізуді сұрады. Зейнетақы қаражатына алынған тұрғын үйді тек 5 жылдан кейін сатуға рұқсат беру туралы ұсыныс жасады. Алайда бұл ұсынысы қолдау таппады.