Салдарынан Қайыршақты ауылдық округіне қарасты 10 ауылдың тұрғындары қауіпті айналма жолмен жүруге мәжбүр. Жергілікті билік өкілдері не дейді?
Күрежолды табанына дейін күреп тастаған жолшылар қазір күн жұбатып жүргендей. Себебі жаз бойы жұмыс атқарған арнаулы техникалар жолдың негізін жасақтап қойған. Енді асфальт төсеуге жоба дайын емес.
Юрий Ли, қалалық мәслихат депутаты:
- Көктем, Томарлы, Ақжар секілді 10 ауылды облыс орталығымен байланыстыратын негізгі жолдың құрылысы 2017 жылы басталды. Кейін «Шыңдау» жобалау институты өзгертулер енгізіп, құрылысты тоқтатты. Жоба әлі күнге сарптамадан шыққан жоқ. Сайлаушыларымыздың талабы бойынша бақылауды күшейттік.
Бақылау болғанымен, әзірге салынып жатқан жол жоқ. Себебі мердігердің қолында нақтыланған жоба жоқ. Сондай-ақ салынып жатқан төрт жолақты жол құрылысын жүргізу үшін 70-ке тарта электр бағаны алынуы тиіс. «Енді басында кеткен олқылық жалпы жұмыстың тоқтауына әкелді», - дейді мамандар.
Зайни Мұстажапов, мердігер мекеме өкілі:
- 2017 жылы жасалған жоба бұл күндері ескірді. Оның ішінде көптеген кемшіліктер шықты. Жарықтандыру, айналма жол қарастырылмаған. Инженерлік коммуникациларды алу қарастырылмаған. Бағаның өсуіне байланысты түзету осыдан екі жыл бұрын басталған. Содан бері әлі өзгерту енгізіп жатыр.
Жоба бойынша Атырау мен Талғайраң ауылы арасындағы 10 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмысына 4,8 млрд теңге бөлінген. 8 жылда оның 2 млрд-тан астамы игерілгенімен, атқарылған жұмыс жартысына да жетпейді. Биыл көктемде 1,7 шақырым жолды жауып, қырып тастаған. Қазір құрылыс тоқтап тұр.
Сәлімжан Мұсабаев, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы:
- Алғашқы жобалық шешімдерде ескерілмеген жұмыстардың болуына байланысты жобаға түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда облыстық комиссияның оң шешімін алдық. Тиісті құжаттарды жаңартып, жаңағы жобаны жасақтап жатқан мекемеге тапсырдық. Аталған мекеме тарапынан мемлекеттік сараптамаға жүктеу жұмыстары жүргізілуде.
Билік басындағылар биылғы желтоқсан айында жоба сараптамадан шығады деп сендірді. Егер оң нәтиже болса, бюджеттен қайтадан қаражат қаралып, жұмыс жалғасады.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин