Жер телімін алғанда әкімдік оларға электр қуаты да тартылады, су да болады деп уәде еткен. Алайда тұрғындар сол күйі жарыққа жарымапты.
Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қарамеңді батыр ауылының тұрғындары бұл жерге 2007 жылы қоныстанған. Су да, жарық та тартылады деген сөзге сенген жұрт қаз-қатар үй салған. Арада біраз жыл өтсе де, сол уәде орындалмапты.
Бақытжан Жамалиева, ауыл тұрғыны:
- Сол ауылдағы көршілерден электр қуатын сұрап жүріп, әйтеуір үйді салдық. Айтып жатқан әкімшіліктің бәріне 1-2 жыл сендік, күттік. «Әне тартылады, міне тартылады, күтіңіздер», - деді. Енді 20 жыл өтті.
Қазір ауылда 17 үй жарықсыз отыр. Бірі өз қаржысына алған генератормен күнелтсе, бірі көршісінен тоқ сұрап, күн кешеді. Күні-түні гуілдеген шуды айтпағанда, кернеу тұрақсыздығының өзі тұрғындарды әбігерге салған.
- Біз неше мұздатқыш, неше теледидар ауыстырып тастадық. Өйткені күшейіп кетеді, кейде азайып кетеді, енді жанып кетеді.
Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Демеушілердің қолдауымен шамамен 4 миллион теңге трансформатор алған. «Бірақ әрі қарай электр бағандары орнату мен сым тарту жұмыстары халықтың өз қалтасынан болуы тиіс», - дейді. Ал бұл үшін қосымша 7-8 млн теңге қаржы керек.
Марат Бұхарбаев, ауыл тұрғыны:
- Біз үйде немерелеріміз бар, балаларымыз бар деп шырылдаймыз. Сабаққа барады. Сабағын оқиды, кейде оқи алмайды. Бірде жарық бар, бірде жарық жоқ. Отырмыз міне, линиялар түбімізде тұр, міне дәл мұрнымыздың астында. Содан жарық тарта алмай отырмыз. Енді мынаған 3 млн тауып бере алмай отырғанда, біз бағанды-сымды қалай тартамыз? Әрбір баған 100 мыңнан тұрса...
Айтпай Жанатаев, Жаңаесіл ауылдық округінің әкімі:
- Иә, бұл мәселе 20 жыл бойы шешілмей келеді. Трансформатор алынды, бірақ қалған жұмыс жеке қаражат есебінен жүруі тиіс. Тұрғындардың жағдайы оны көтермейтінін білеміз. Сондықтан демеушілерден көмек сұраймыз.
Әкімдік табалдырығын тоздырудан жалыққан тұрғындар наз-мұңы ескерілетін күнді асыға күтеді. Атқарушы билік өкілдері демеуші табылар деп үміттенеді. Себебі мәселе сонда ғана шешімін табады.
Дана Әлиева