Алдағы жексенбі күні елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Осыған орай Ақтөбеде салтанатты шара өтті. Жиында қоғамның осал топтарына қол ұшын беріп жүрген мейірімді жандарға ілтипат көрсетілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалін облыс басшысы Асхат Шахаров әлеуметтік салада сан жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет етіп жүргендерге табыстады. Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік - еңбек саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды. «Еңбек ардагері», «Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.
Айдынғали Шотов, әлеуметтік сала ардагері:
- Біздің сала өте қиын сала. Себебі біздер мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істедік. Жұмыссыз адамдармен жұмыс істедік, оларды жұмысқа орналастыру. Мейірімді болу керек. Аз қамтылған адамдарға мейіріммен қарап, келгенде оларды дұрыстап күтіп алып, Үкіметтен берілетін көмекті, қаражатты дұрыстап үлестіріп отыру керек.
Салтанатты жиын Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілген «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» және «Үздік әлеуметтік жоба», «Еңбек жолы» республикалық конкурстарының облыстық кезеңі жеңімпаздары мараптталды. Облыстағы 6 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қаржылай қолдау көрсетілді.
Қарлығаш Шалаева, №3 қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Біздің жалпы алға қойған мақсатымыз, міндетіміз – баланы әлеуметке бейімдеу, әлеуметтендіру, яғни өз-өзіне қызмет етуді үйрету. Медицина қызметкерлері, педагогтар, психолог, еңбек нұсқаушылары және деффектолог мамандары қызмет етеді. Арнайы бала күтушілері бар.
Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының әлеуметтік қорғау саласында 2 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Олар ерекше күтімді қажет ететін 308 балаға, 2 мыңға жуық жалғызбасты қария мен мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетеді.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов