Маңғыстау облысында кеңестік дәуірде көмілген өндірістік қалдықтарды инвентаризациялауға 20 млн теңге бөлінді. Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, өңірде қоршаған ортаға қауіпті 14 учаске бар. Олардың көбі Қарақия және Мұнайлы ауданында орналасқан. Кейбірі Ақтаудың өнеркәсіп аймағынан табылды. Соңғы 15 жылдан бері мұнай төгіліп, бүгінде қараусыз жатқан бірнеше аумақта да инвентаризациялау жұмыстары жүргізілетін болды. Зиянды қалдықтың нақты көлемін анықтау мақсатында алдымен кешенді зерттеу жасалады. Бұдан соң мамандар әлгі учаскелерді залалсыздандыруға кіріседі.
Ильяс Сандыбаев, Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:
-Түпқараған ауданы жағажайында суға батқан кемелер жатыр. Олар да өндірістік қалдықтар көмілген аумақ саналады. Алдымен кеме бортында жанар-жағармай немесе жарылғыш заттың жоқтығын анықтаймыз. Содан кейін ғана инвентаризациялау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.