Биыл қаладағы 17 қазандық жаңартылған. Оларға заманауи басқару жүйесі енгізіліп, жағдайды онлайн бақылауға мүмкіндік туды. Пилоттық жобаның тағы бір мүмкіндігі ақауды дер кезінде анықтауға болады. Сонымен қатар энергетиктер биыл отынды артығымен қамтамасыз еткен.
Алматы қаласында 85 жылу қазандығы бар. Оның 9-ы ірі, 76-сы шағын. Жауапты мамандардың мәліметінше, барлығы да қысқа дайын. Биыл Түрксіб, Медеу, Алатау және Жетісу ауданында 17 қазандық жаңартылған. Бұлар қаладағы үйлердің 20% жылытады. Олардың жұмысы цифрлық жүйе арқылы қадағаланады. Бұған қоса, биыл 39 шақырым жылу желісі жаңартылып, қажетті мазут және көмір қорымен қамтылған.
Нұрбақыт Серікбай, қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы:-Бүгінде Алматының шағын жылу қазандықтары 100% мазутпен қамтылған. 17 қазандықтың пештері, су сорғылары ауыстырылған соң тиімділігі артты. Ал жылу электр орталықтарында көмір қоры мен мазут қажетті нормадан артық жиналған.
Цифрлық жүйенің мақсаты – қазандықтардағы қысым мен температураны онлайн бақылау. Пилоттық жоба желілеріндегі апаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Алматылықтардың қыста тоңбай, жылы пәтерде жайлы отыруы үшін 104 арнайы тобы жасақталыпты. Олар 507 мыңнан аса нысанға жылудың дұрыс жетуін қамтамасыз етеді.
Нұрлан Ағзам, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС басқарма басшысы:
-Қандай да бір жағдайлар болатын болса, бізде кезекшілік бөлімдер 22 адамнан бекітілген. Оның ішінде бізде 120 бірлік техникаларымыз бар. Оның ішінде 14 экскаватор тракторлеріміз және 16 камаз, 11 манипулятор және 79 басқа да авариялық көліктеріміз техникалармен толыққанды қамтамасыздандырылған.
Келесі жылы тағы 20 қазандықты жаңарту жоспарланып отыр. Осылайша, тозу деңгейін жыл сайын 2 пайызға азайту жоспарлануда. Айта кетейік, Алматыда жылыту маусымы 8 қазанда басталды. Әуелі әлеуметтік нысандарға, кейінірек тұрғын үйлерге берілді.
Аршын Кемелжан, Кенже Амраев