Тұтынылған су жаңа әдіспен есептеледі

  • 29
  • 03.11.2025, 19:40

Қараша біраз өзгерістерге толы болмақ. Осы айдан бастап тұтынылған су жаңа әдіспен есептеледі. Жалақы төлеміне қатысты да жаңа тәртіп күшіне еніп отыр. Сондай-ақ бүгіннен бастап жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасы іске қосылды. 

Осы айдан бастап сумен қамту және су бұру қызметтері үшін төлемнің жаңа әдістемесі енгізілді. Енді есептегіш құрал көрсеткен мөлшер арқылы төлем жүргізіледі. Ешқандай су үшін ақыны ұлғайту немесе өзге де ақша жинау көзделіп отырған жоқ. Көппәтерлі үйлер үшін бұрынғы тәртіп сақталады. 

1 қарашадан бастап субсидияланатын жұмыс орындарын құруға қатысты өтініштер қабылдау басталды. Өтінішті электронды еңбек биржасының цифрлық платформасы арқылы жұмыс берушілер береді. Соның негізінде келер 2026 жылы пайда болатын жұмыс орындары анықталмақ.
 
Бүгіннен бастап Қазақстанда «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларына өтініштер қабылдау басталды. Мамандардың айтуынша, екі бағдарламаның шарттары ұқсас. Тек «Наурыз Жұмыскер» өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласында еңбек ететін азаматтарға арналған. Алғашқы жарна таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%, ал әрленбеген үйді алу үшін 20%-дан басталады. Талап бойынша әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға 7% пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Астана және Алматы қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылған.  

Сондай-ақ 3 қарашадан бастап орташа жалақыны есептеудің жаңартылған тәртібі күшіне енеді. Еңбекақы нақты жұмыс істеген уақыт үшін сыйақыларды, үстемелер мен қосымша төлемдерді ескере отырып есептеледі.
Бір ерекшелігі азаматтардың денсаулығына келтірілген зиянды өтеу үшін қолданылатын орташа айлық жалақы бұл ережеге кірмейді. 

Әуе рейстерінде де жаңа бағыттар пайда болады. 7 қарашадан бастап отандық әуекомпанияларының бірі Астанадан Самарқанд және Бішкекке жол салмақ. Ал 29-нан бастап тағы бір лоукостер Ақтау мен Дубай арасын байланыстыруды көздеп отыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы