Абай облысы Жарма ауданының тұрғыны Айгүл Сағынаева 40 жасында трактор тізгіндеді. Ол шаруашылығын дамытып, жұбайына қолғабыс болу үшін осындай батыл қадамға барған. Өйткені өңірде трактор жүргізетін маман тапшы. Сол себепті «Жұмысшы мамандығы жылы» аясында ашылған арнайы курста білім алып, ауыр техниканы меңгерді.
Айгүл Сағынаева мамандықты ер немесе әйел адамдікі деп бөлмейді. Ең бастысы ісіңе деген қызығушылық пен табандылық керек. Ол ауыр техниканы меңгеру үшін ауылдағы колледжде арнайы оқып, білім алды. Биыл жаз бойы науқанның қызу ортасында жүріп, ер-азаматтармен қатар еңбектенді.
Айгүл Сағынаева, тракторшы:
-Әкем тракторист болған. Өмір бойы «К-700» жүргізген. Сол техникаға жақын болдым. Бізге қазір сондай маман өте қажет болып тұр. Табу қазір нақты, тұрақты тракторист оңай емес. Мансап орталығына барып содан жұмыссыз ретінде тіркеліп, осындай оқуға түстім. Содан білім алып, практикадан өттім. Жолдасыма болыстым.
Айгүл Алтай өлкесінде туған. Кейін отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, Семей қаласында жоғары экономикалық білім алған. Өмірлік серігін жолықтырып, тұрмыс құрған соң ауылға тұрақтайды. Негізгі мамандығы есепші. Қазір жұбайы Ерлан екеуі ауыл шаруашылығын дамытып, мал өсірумен айналысады.
Нұртуған Сағынаев, қайын атасы:-Келініме ризамын! Барлық жұмысқа икемі бар. Күйеуінің бір жағында жүреді. Шаруашылыққа көмектеседі, сиыр сауады, трактор жүргізеді, малға қарайды.
Қазір өңірде дәнекерлеуші, тракторшы, тігінші мен шаштараз сұранысқа ие мамандықтар. Биыл 340 адам оқып, мамандық алды. Олардың 240-ы қазірдің өзінде кәсіп меңгеріп, жұмыс тапқан.
Еркебұлан Тұрсын, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:Сұранысқа ие мамандықтардың барлығының тізбесі жасалған. Жалпы 12 оқу орнында осы оқу жұмыстары жүргізілді. Бүгін бізде 200-ге жуық мекемеден сұраныс түсіп отыр. Оның ішінде өздеріне қажетті мамандарды біздің мансап орталығы арқылы сұраныс жасап, жұмыссыз азаматтарды сол компанияларға жұмысқа орналастыратын боламыз.
Қысқамерзімді оқыту кезінде жұмыссыз азаматтарға ай сайын 43 мың теңге көлемінде шәкіртақы және өзге де материалдық көмек көрсетіледі. Курсты тәмамдаған түлектер оқу аяқталған соң кемінде бір жылға тұрақты жұмысқа орналастырылады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов