Жыл басынан бері жүргізілген рейдтер нәтижесінде ата-ана міндетін орындамаған 21 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта баласы үйден тыс жүрген 107 мыңнан астам заңды өкілге де шара қолданылды. Ал ойын-сауық орындарына балаларды кіргізген екі мыңға жуық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия жыл басынан бері 4 мыңға жуық отырыс өткізіп, 7 мыңнан астам істі қараған. Оның ішінде мыңнан астамы қиын жағдайға тап болған отбасыларға қатысты. Оларға материалдық, психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетілген. Қазір ел бойынша 271 комиссия жұмыс істейді.
Мадина Бисембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі уақытта комиссиялардың жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ережелер әзірленуде. Құжатта буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, зерттеу жүргізу және өңірлерге әдістемелік қолдау көрсету бағыттарындағы міндеттерді кеңейту көзделген. Жаңартылған формат комиссиялардың тиімділігін арттырып, жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.