Қарағандыда коммуналдық қызметтің жұмысы күшейді

  • 14
  • 04.11.2025, 19:44

Өңірде нөсер жаңбыр жауған еді, ал енді қарға ұласып, көшелер көктайғаққа айналды. Ал Қарағанды – Астана тасжолында жылдамдыққа шектеу енгізілді. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

Автокөлік иелері жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырып үлгермеген. Сондықтан дөңгелек жөндейтін орындардың алды ұзын сонар кезек. Соңғы бірнеше күн бойы олар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Көктайғақ салдарынан мұнда келушілер тіпті көбейді. 

Родион Воротников, дөңгелек жөндейтін орынның қызметкері:

- Осылай ұзақ кезекте тұрмас үшін бәрін қар түспей тұрып істеген дұрыс. Дөңгелекті екі апта бұрын ауыстырған жөн немесе ең болмағанда қосалқы дискі жиынтығы болғаны жақсы.

Қарағанды қаласының екі ауданында қар тазалауға 170 техника шықты. Бұған қоса 250 коммуналдық жұмысшы жұмылдырылған. Олар жолдарды қардан тазартып жатыр.

Азат Ақынов, Ә. бөкейхан атындағы ауданның Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

- Жолдарды тазалау жұмысы күшейтілді. Кеше кештен бастап мердігер ұйымдар жолдарға, аялдамаларға және жаяу жүргіншілер жолына тұз аралас құм себілді. Шамамен 250 тоннадан астам қоспа жұмсалды.

Көктайғаққа байланысты Қарағандыда 30 көлік апаты тіркелді. Көбі жылдамдықты және қашықтықты сақтамаудың салдарынан болған. Кейбірі: «Жолдардың дер кезінде тазаланбауынан болады», - дейді жүргізушілер.

Вадим Калинин, қала тұрғыны:

- Жол тайғақ, апат болмас үшін асықпау керек. Байқағаным, көп жерге құм-тұз қоспасын сеуіп үлгермеген. Жұмыс ауқымы көп болғаннан шығар. Қыс әлі алда. Сондықтан коммуналдық қызмет жақсырақ жұмыс істесе екен деген тілек бар.

Ал Қарағанды – Астана тасжолында қозғалыстың рұқсат етілген жылдамдығын 140-тан 80 км/сағатқа дейін төмендетті. Патрульдік полиция батальоны күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Барлық автожолдарда қосымша экипаждар кезекшілікке шықты.

Бағдат Кәкімов, ПД басқармасының бастығы:

- Облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда көктайғақ. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеміз. Көлікті қыс маусымына алдын ала дайындаған жөн. Жолға шықсаңыз, ауа райы жағдайына сәйкес жылдамдықпен жүрген абзал.

Руслан Нұрланұлы,тілші:

- Өңірде қарлы бұрқасын мен көктайғақ ертеңге дейін сақталады. Ауа температурасы кей жерлерде -13 градусқа дейін төмендейді. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарға алыс сапарға шығуды кейінге қалдыруды ұсынады.  

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит