БҚО-да алғаш рет екі деңгейлі көпір салынып жатыр

  • 9
  • 05.11.2025, 19:50

Әрі Ақтөбе, Орал қалалары мен өзге де елді мекендер арасындағы барыс-келісті жақсартады.

Орал мен Ақтөбені байланыстырып, Ресейге қатынайтын күрежол Подстепное ауылының маңында түйіседі. Халықаралық автомагистральдің бойында бұрын жай ғана қиылыс болатын. Сондықтан жүргізушілер бұрылыстан шығып, көлік ағынына қосыла алмай қиналатын.  

Замир Қалбаев, жүргізуші:

- Қазақстан арқылы жүк көліктері көп өтеді. Себебі тауар бүкіл ТМД елдеріне тасымалданады. Сондықтан осындай жолайрықтар қажет деп ойлаймын. Бұрынғы бұрылыс тар әрі қауіпті болатын. Біз бұрылу үшін бір-бірімізді тосып кептелісте көп тұратынбыз. 

Жолайрықтың ұзындығы – 60 метр. Екі жыл бұрын басталған құрылыстың басым бөлігі аяқталды. Қазір абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткелді салуға 32 млрд теңге бөлінген.

Мұрат Залмұқанов, облыстық Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаражатты кен игеруші компания аударды. Екі мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Олар осы өткелмен қатар 72 шақырым жол жөндейді. Оны келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Жоба бөлінген қаржыға байланысты кезең-кезеңмен іске асады. 

Жұмысқа 170 адам мен 150 техника тартылған. Нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Сол кезде Ақсай, Теректі, Бөрілі аудандары мен Қарашығанақ кен орнына жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар емін-еркін қатынайды. Себебі жолайрықпен тәулігіне жеті мың көлік өте алады. Ол қазіргіден екі есе көп. 

Данияр Дүйсенғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Орынбор облысынан келе жатқан жеңіл және жүк көліктері енді Оралға кірмей, бірден Атырау мен Ақтөбеге бара алады. Бұрын Орынбордан шыққан жолаушылар 5-6 сағатта Оралға келетін. Қазір 2-3 сағатта жетеді. Яғни көлік қатынасы жақсарып, жолға кететін уақыт қысқарды. 

БҚО бұл салаға биыл 45 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Жоспарланған 263 шақырымның 220 километріне асфальт төселіп, жол сапасы жақсартылды.  

Шыңғыс Қалиден, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов