Концерттерде фонограмма қолданғандарға 3,9 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін

  • 11
  • 06.11.2025, 19:35

Оны мәдени кешті ұйымдастырушылар мен орындаушылар төлейді. Аталмыш норманы заңға енгізу мәселесі Сенатта талқыланды. Ал мамандар: «Фонограммадан толық бас тарту мүмкін емес», - дейді. Әрі оларды қадағалауда оңай шаруа емес. Сондықтан аталмыш тыйымды 200-ден астам көремен қатысатын концерттерде ғана қолдану ұсынылды. Сондай-ақ бұдан былай әр шырқалған ән үшін авторға белгілі көлемде сыйақы төлеу тетігін іске қосу көзделуде. Неге десеңіз, қазір сазгер егер ол қайтыс болып кеткен болса, артында қалған жақындары зиян шегіп отыр. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың әндері күнде әуелесе де, туыстары тоқсан сайын 18-22 мың теңге көлемінде ғана сыйақы алады екен.

Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:

- Бұл факті туралы бізге Шәмші Қалдаяқовтың туыстары мәлімдеді. Басқа да өнерпаздарды бұлай басынуға болмайды. Сондықтан зияткерлік меншікті қорғауды сандық жүйеге көшірудеміз. Енді ән, сол сияқты басқа да авторлық құқығы бар туындыларды қолданушылар цифрлық келісімшарт жасауы қажет. Арнайы платформада ол туынды қай жерде, қай уақытта қолданылғаны тіркеліп, сәйкесінше сыйықы алынатын болады.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жаңа платформа құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар хабар тарату ұйымдарының айрықша құқықтарын нақтылайтын нормалар бар. Жалпы заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіруге және креативті экономика секторын дамытуға тың серпін береді деп сенеміз.