Ішкі саясат қағидаттары: жаңа құжаттың мәні неде?

  • 10
  • 06.11.2025, 19:38

Себебі құжатта елдікті айқындайтын бағыт-бағдар бар. Азаматтарды еркін және отаншылдық рухқа бейімдеуден бастап өзіндік ұстанымына дейін анық көрініс тапқан. Соның ішінде жалпыұлттық нышандар да бекітілген.

Ішкі саясатқа қатысты бекітілген құжатта жалпыұлттық нышандарға жататын белгілер анық жазылған. Бұл әлемдік тәжірие. Себебі елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін білдіретін тізім көптеген мемлекетте жасалған. Ал бізде сегіз нышан анықталды. Оның ішінде ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!». Ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ, отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – «Қазақстанда жасалған» деген нышан бар.

Дихан Қамзабекұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры, ұлттық құрылтай мүшесі:

- Құжаттың бір бағыты – елдік нышандарға арналған. Онда үлкен көк тудан бастап, қызғалдаққа дейінгі ұғымдар қамтылған. Қызғалдақ – біздің арғы тарихымызды, Еуропаға тараған, осы жерден шыққан өсімдіктің тамырын айқындайды. Сонымен қатар, ол әлемге бейбітшілік ұсынудың символы ретінде қарастырылады.
Құжаттың өзге бағыттарында қоғамдық диалог пен келісімнен бастап, ақпараттық саясатқа дейінгі мәселелер көрініс тапқан. Құжаттың басты мәні – ұрпақ алмасса да, уақыт өтсе де, еліміздің айнымас ұстанымдарын сақтап қалу.

«Заң мен тәртіп» қағидаты да енді қоғамда берік ұстаным болуы керек. Өйткені жоғары құқықтық мәдениет әділеттіктің негізі әрі өлшемі саналады. Барша азамат заң алдында тең. Ал тәртіп бұзған адам жазасыз қалмауы керек

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Менің ойымша, соның ішіндегі ең негізгі бағыты – ол «Заң және Тәртіп». Б.Момышұлы: «Тәртіпке бағынған халық қана құл болмайды», - деп атап өткен. Тек қана құқықтық мемлекетте ғана азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқығы есепке алына отырып, жалпы мемлекет тұрақты түрде экономикалық дамуға тұра алады.

Ішкі саясатты тұрақты әрі өміршең болуы керектігі бұған дейін ұлттық құрылтайда айтылған еді. Содан бері бірнеше ай бойы талықлаудан өтіп, жан-жақты пысықталды. Нәтижесінде 4 тараудан және 7 басым бағыттан тұратын ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді.

Дихан Қамзабекұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры, ұлттық құрылтай мүшесі:

- «Бұның мәні неде?» деген сұраққа келсек, көрерменге мынадай ойды жеткізу маңызды: еліміздің сыртқы бағыты, сыртқы және ішкі саясаты, ел ішіндегі түрлі мәселелер бар — осының бәріне тең қарау қажет. Солардың аясында бүгінгі сын-қатерлерді ескере отырып, өз жолымызды, өз даму бағытымызды нақты айқындап алуымыз керек.

Жаңа құжат ел дамуын жаңа сатыға көтермек. Басты мақсат – тұрақтылықты сақтауға баса мән беру арқылы отанымызды өркендету және озық ойлы ұлт қалыптастыру.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов