Алматыда 700-ге тарта үйге улы газды анықтайтын құрылғы орнатылады

  • 9
  • 06.11.2025, 19:40

Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ 11 адам зардап шекті. Оның 8-і кәмелетке толмаған балалар. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департментінің қызметкерлері мен газға жауапты мамандар әлеуметтік осал топтар мен зейнеткерлердің үйлерін аралап, улы газды анықтайтын датчиктер мен дабылқаққыштар орнатты. 

Гүлназ Әшірқызы көпбалалы ана. Үйін көмірмен жылытады. Ыстың иісін анықтайтын құрылғы орнатамыз деп келгендерді қуана қарсы алды. «Себебі қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болуы тиіс», - деп санайды. 

Гүлназ Әшірқызы, қала тұрғыны:

- Бұрын датчик деген нәрсе болмаған еді. От жағатын едім, датчикті орнатып берді. Енді уайымдамаймын. Угардың иісі шықса, дабыл береді.

Мұндай арнайы құрылғы 700-ге тарта үйге қойылады. Соның 300-ге жуығы қатты отын жағады. Ал өзгесі табиғи газға қосылған. Олардың барлығы әлеуметтік жағынан осал топқа жатады. Осы жылу маусымы басталғалы бері 100-ден артық отбасы ыстың иісі шықса, дабыл қағатын құрылғымен қамтамасыз етілді. Оның бағасы аса қымбат емес. 1500 теңгеден басталады. Бірақ соны орнатуды көпшілік елей бермейді. Оған қоса өртке қатысты қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. 

Дулат Жандар, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:

- Мұржалардың уақытылы тазаланбауы, пеш маңында жанғыш заттардың көп болуы және электр сымдарының дұрыс қаралмауы — өрт қауіпсіздігіне төнген негізгі қатерлердің бірі. Көп жағдайда тұрғындар сымдарды өз қолымен жөндеп, байлап қояды. Соның салдарынан түрлі кемшіліктер анықталуда.

Ал мына дабылқаққыш табиғи газбен жылыйтын үйлер мен ғимараттарға арналған. «Газға жауапты мамандар мұны міндетті түрде орнату керек», - деп есептейді. Себебі көгілдір отынмен уланудың алдын алады. Бағасы 5 мың теңге шамасында. 

Сұлтанбек Байғазиев, апаттық диспетчерлік қызметінің жетекші инженері:  

- Иістерді сезіп, мына құрылғыға команда береді. Содан қауіптің алдын алады. Бұл үйде адам болған жағдайда бұл өзінің қызметін толыққанды атқарады. Газ – тілсіз жау, оның түсі болмайды, не иісі болмайды. Сол үшін мұнда этилмеркаптан деген газдың иісін сезу мақсатында арнайы химикат қосылады. 

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін екі құрылғы да тегін. Ал басқалары өздері сатып алып, орнатуы тиіс.

Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев