«МАЭК» кәсіпорны теңізден сағатына 200 мың текше метр су алып, тұщытады. Соңғы жылдары теңіз деңгейі күрт төмендеуінен арнаға келетін судың мөлшері азайған. Қыс айлары жағалауға мұз қатса, жағдай тіптен қиындауы мүмкін. Осы мәселенің алдын алу мақсатында су жинағыш арнаны тереңдету қолға алынды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Каспий тартылып барады. Мұны «МАЭК» энергокомбинатына су жинайтын негізгі арнаның қазіргі деңгейінен көруге болады. Соңғы 20 жылда арнадағы судың тереңдігі 3 метрге төмендеген.
Каспийдің тұзды суы осы арна арқылы энергокомбинаттың №2 жылу электр орталығына барады. Одан әрі бірнеше кезеңді сүзгілеуден өтіп, тұщы суға айналады. Былтыр қыста жағалауда мұз қатып, соның салдарынан энергокомбинат қуаты төмендеді. Мәселені шешу үшін арнайы жоба жасақталды. Оның бірінші кезеңінде арна түбі 500 метрге қазылды. Тереңдету жұмыстары биыл да жалғасады.
Алексей Смоленский, Маңғыстау энергокомбинаты департамент директорының орынбасары:
- Су жинағыш арнаның жалпы ұзындығы – 3,8 км. Оған келетін су деңгейінің күрт түсуі энергокомбинат жұмысына қауіп төндіреді. Арна түбін тереңдетуден бөлек 500 метрге дейін ұзарту жоспарланып отыр.
Жобаның екінші кезеңін атқаратын мердігер компания Ақтау қаласының әкімдігімен келісімшарт жасаған. Арна жиегіне жер қазатын техникалар жеткізілді. Жоспарға сәйкес, су жинағыш арна осы жылдың соңына дейін жарты шақырымға ұзарады.
Ербол Өтебалиев, «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ сектор меңгерушісі:
- 500 метр арақашықтықты тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Жобаның жалпы құны – 9 млрд теңге. 2026 жылға өтпелі жұмыстары бұл каналды 1 километр 200 метрге ұзарту.Тапсырыс беруші тарапынан қатаң бақылауда. Суды өткізу қабілетін арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар.
«МАЭК» кәсіпорны теңіз суын екі арна арқылы алып отыр. Екі жыл бұрын №1 жылу электр орталығына су жинағыш каналға мұз қатып, апатты жағдай туындады. «Бұл мәселенің алдын алудың төте жолы – арна түбін тереңдету», - дейді мамандар. Айта кетсек, Ақтау – Каспий суын тұщытып ішетін еліміздегі жалғыз қала.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев