ШҚО-да жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

  • 10
  • 06.11.2025, 19:49

Биыл өңірдің түрлі кәсіпорындары мен мекемелеріне 20 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Солардың ішінде 50 жастан асқан азаматтар да жетерлік. Мемлекеттік қолдау мен субсидиялар арқасында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл бастаманың басты мақсаты – еңбек нарығында жастармен қатар, зейнеталды жасындағыларды жұмысқа орналастыру.

Өнеркәсіп өркендеген Өскеменде зейнеталды жастағы азаматтарға мыңнан астам жұмыс орыны ашылды. Облыстық Еңбек мобильділігі орталығында мамандар кәсіпорындардың кадрлық қажеттілігін зерттеп, шағын бизнес өкілдерін қолдау мақсатында еңбек субсидияларын ұсынады. Бұл бағдарламаның арқасында тәжірибелі мамандар қайтадан еңбекке араласып, білімі мен тәжірибесін жастарға үйретіп жүр.

Арайлым Есімбекова, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры: 

- Келісімшарт үш жылға жасалады. Бұл жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы келісімшарт. Үш жылға жасалғаннан кейін ол кісіні ары қарай тұрақты жұмысқа орналасып, сосын зейнетке шығуына өте ықпал ететін шаралардың бірі.

Владимир Шмурыгиннің зейнетке шығуына бір жыл қалған. «Мұндай жаста тұрақты жұмыс табу оңай емес», - дейді. Алайда азамат мемлекеттік дотация есебінен күзетші болып жұмысқа орналасып, барлық әлеуметтік жеңілдіктермен қамтылды.

Владимир Шмурыгин, Өскемен қаласының тұрғыны: 

- Зейнеталды жаста жұмыс табу оңай емес. Ал мемлекет бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Осы бағдарламаның арқасында мен үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келемін.

Айгүл Шамбинова да біраз жыл жұмыссыз жүрген. Мекемелерге түйіндемесін жіберген, бірақ мол тәжірибесіне қарамастан орналасу қиын болған. Жұмыспен қамту орталығының көмегінің арқасында ғана қазір қоғамдық тамақтану саласында еңбек жолын жалғастырды.

Айгүл Шамбинова, сатушы-кассир: 

- Жұмыспен қамту орталығына үлкен алғыс айтамын. Олар мені лайықты жұмысқа орналастырды. Тәжірибелі қызметкер ретінде мен жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, үйретуге тырысамын. Бұл ұжым үшін де пайдалы тәжірибе.

Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар егде жастағы қызметкерлерді жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттен 7 миллиард теңгеден астам дотация алды. Бұл қаржы тек жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай, еңбек ұжымдарында ұрпақ сабақтастығын сақтауға сеп болуда.

Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин