Олжас Бектенов БҚО-дағы мұнай-газ кен орындарын тексерді

  • 8
  • 06.11.2025, 19:38

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Оралдағы абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ былтыр су тасқынынан зардап шекендерге арнап салынған үйлердің тұрғындарымен кездесті. 

Премьер-министр Қарашығанақ және Чинарев мұнай-газ конденсаты кен орындарына барды. Олжас Бектенов мұнай-газ саласы өнеркәсіптік өсудің маңызды драйвері болып қала беретінін атап өтті.

Қазақстанда жыл сайын 85 млн тоннадан астам мұнай және шамамен 55 млрд текше метр газ өндіріледі. Мұндай көлемді тұрақты ұстап тұру заманауи технологияларды енгізу мен ірі кен орындарын дамытудың арқасында мүмкін болып отыр. Үкімет басшысы «Жайықмұнай» серіктестігінің тауарлық газды қайта өңдеу қуатымен де танысты. Мұнда мұнай құю терминалы, газ құбыры, вахталық қалашықтар сияқты инфрақұрылым жақсы дамыған.

Асхат Сейтқазин, «Жайықмұнай» ЖШС бас директоры:

- Біздің газ өңдеу зауытының жылдық қуаты 4,2 млрд текшеметрге дейін жетеді. Мұнда басқа да өнім түрлерін өңдей аламыз. Кәсіпорында 600 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ мердігер ұйымдарда 800-ге жуық адам қызмет етеді. Зауыт 2019 жылы іске қосылған болатын.  

Жайықтың жағалауы бекітілді

Премьер-министр Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту барысымен және абаттандыру жұмыстарымен де танысты. 102 көше жарықтандырылып, көгал мен ағаш көшеттері отырғызылуда. 

Никола Аллегро, Karachaganak Petroleum Operating B.V. бас директорының орынбасары:

- Бүгінде 800 гектар аумаққа жасыл желек отырғызылуда. Сондай-ақ мұнай-газ саласындағы метан шығарындыларын төмендетуге арналған бағдарлама және «Таза Қазақстан» акциясына қосқан үлесіміз жөнінде мәлімет бердім. Компаниямыз қоршаған ортаны қорғауға 460 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлген.

2024 жылғы су тасқынында Батыс Қазақстан облысы қатты зардап шеккен еді. Төтенше жағдайдан кейін тұрғындар үшін өңірде барлығы 889 үй салынған. Олжас Бектенов баспаналардың жағдайымен танысты. Нысандар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Ердәулет Ыбырайұлы