«Жұмысшы мамандықтар жылы»: Абай облысында ерекше бастама қолға алынды

  • 10
  • 07.11.2025, 19:43

Абай облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ерекше бастама қолға алынды. Семейлік 10-11 сынып оқушылары «Дублёр күні» жобасы арқылы колледждерде және кәсіпорындарда білімін іс жүзінде қолданып, бір күнге өндіріс орындарының қызметкеріне айналады. Бұл тәжірибе жасөспірімдердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Жоба аясында 5 мың оқушыны қамту көзделген.

Заңғар Рауанұлы қазір 11 сыныпта оқиды. Болашақта инженер-конструктор болуды армандайды. Бүгінде жоба аясында жеңіл көліктерді жөндеудің қыр-сырын үйреніп жүр.

Заңғар Рауанұлы, оқушы:

-Қызыққан мамандығым ол жеңіл автомобильдерді ремонттау. Біз мұнда моторларды шашып, қай жері дұрыс емес екенін тауып соларды жөндеп жатырмыз. Мен осында түскен себебім өзіме арнайы тәжірибе жинай аламын және өзіме керекті білімді ала аламын.

Заңғарға бағыт-бағдар беріп жүрген тәлімгер осы колледждің түлегі Никита Бугров. Қазір ол отын жүйесін жөндеу механигі ретінде еңбек етіп жүр. Тәжірибесін жастармен бөлісуден жалықпайды.

Никита Бугров, механик:

-Бәрін көрсетеміз, машина келетін кезде нақты түсіндіреміз. Қалай, нені шешу керек. Бірінші клапонный крышкасын шешеміз. Содан кейін станокқа қоятын кезде допуск қанша болу керегін көрсетеміз. Соның бәрін түсіндіреміз. 

Тәжірибелік сабақтар оқушылардың кәсіби білімін нығайтып қана қоймай, еңбекке деген қызығушылығын арттырады. «Колледж бен кәсіпорын арасындағы әріптестік маман даярлаудың тиімді үлгісі»,– дейді ұйымдастырушылар.

Олег Васильев, Көлік колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары:

- Біз әлеуметтік серіктестерімізбен бірлесе жұмыс істейміз. Мұның барлығы білікті маман даярлау үшін жасалады. Кәсіпорынға білікті мамандар қажет, ал студенттерге тәжірибеден өтуге арналған жақсы база керек. Яғни осы бағытта біз ең заманауи технологиялық жабдықтарды көріп, қолданып отырмыз.

Андрей Резников,  өндірістік компания директорының орынбасары: 

- Біз студенттерді барынша үйретуге, қызықтыруға тырысамыз. Өйткені олардың кәсіби өсуге, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға және өз болашағын қамтамасыз етуге нақты мүмкіндігі бар екенін көрсеткіміз келеді.

Мамандардың айтуынша, жөндеу шеберлерінің еңбекақысы 500 мыңнан басталып бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді. Сондықтан жұмысшы мамандыққа қызығушылық танытатын оқушылардың қатары жылдан жылға артып келеді. Осылайша жасөспірімдер мамандығына ерте бейімделіп, еңбек нарығына сенімді қадам басады.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов