Арасында Қазақстан да бар. Сондықтан еліміз бұл мәселеге ерекше мән береді. Мәселен, Астанада кезекті «жасыл» ғимарат пайда болды. №101 мектеп енді ресми түрде энергия үнемдеуші нысан қатарына қосылды.
Жарық пен жылу. Бұл өркениеттің нышаны. Онсыз даму тіпті бір күн әдеттегіше өмір сүру мүмкін емес. Экологтар соны мейлінше тиімді әрі үнемді пайдалануға шақырып отыр. Өйткені біз қазір энергияның шамамен 80% көмірден аламыз. Ол қоршаған орта үшін зиян. Арнайы күннің белгіленуі де сондықтан. Қазақстанда энергия үнемдеуга арналған заң 2012 жылы қабылданған. Ал 2018 жылы ресми түрде алғашқы жасыл ғимарат пайда болды. Қазір ондай нысандар саны 150-ге жетіпті. Олардың ішінде сауда орындары, тұрғын үй, қоймалар бар. Енді осы қатарға мектептер қосылуда. Александр Белый, қазақстандық жасыл құрылыс кеңесiнің атқарушы директоры:-Астанада №101 мектеп жасыл ғимарат атанды. Біз ол үшін білім ордасына мониторинг жүргіздік. Әдеттегі мектептерде сағатына 200-250 кВт қолданады. Ал бұл мектептің тұтыну көрсеткіші 129 кВт. Айырмашылық нақты көрініп тұр. Сәйкесінше олардың энергия үшін төлемі де төмен.Жасыл ғимараттың өз белгісі болады. «В» санатына жататын күміс тақтайша мектеп әкімшілігіне ресми түрде табысталды. Оны беру үшін жарықты үнемдеуге қоса, суды тұтыну, ғимарат ішіндегі ауаның тазалығы, ылғалдылық тағы басқа көрсеткіштер толық талданыпты. Бүгінде жасыл мектептің оқушылары да осы бағыттағы жобаларды жасауда қолға алған. Олар қонақтарға өз жұмыстарын көрсетті. Сондай-ақ білім ордасында энергия үнемдеуге оқытатын арнайы сынып ашылыпты. Мұнда отандық өндірушілердің өнімдері таныстырылады.
Ержан Төлеев, зауыт өкілі:-Мәселен, біз жылу насосын шығарамыз. Оның үш қызметі бар. Қыста жер астындағы энергияны пайдалана отырып үйді жылытады. Екіншіден, суды жылытып береді. Үшінші тиімділігі жаз мезгілінде оны керісінше салқындатқыш ретінде қолдануға болады. Осы өнімді жекелеген үйлер мен кәсіпорындарға орнатудамыз. Тіпті белгілі көлемде қазір Ресейге экспортталуда. Құрылғы энергия үнемдеу талаптарын ескере отырып жасалған.
Елдос Абақанов, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасы:
-Біз 11 мыңға жуық әлеуметтік ғимаратқа мониторинг жасаймыз. Соның әр төртіншісі нормативке сай келмейді. Аймақтарда кейбір ғимараттар бар олардың класы Е, Д, J болып төмен көрсетілген. Яғни ол объектілер жоғары деңгейде энергияны тұтынады. Қазір біз әкімдіктермен жұмыс істеп жатырмыз жөндеу жүргізу кезінде осындай мектептерге көңіл бөлу бойынша.
Энергетика министрлігі энергия үнемдеуді дамытудың 2035 жылға дейінгі бағдарламасын дайындапты. Жасыл ғимараттардың пайда болуы сол шаралардың бірі. Сондай-ақ соңғы он жылда біздегі зауыт фабрикаларда жарық үнемдегіш технологияға көше бастаған. Бұрын олар елдегі барлық қуаттың 45% тұтыныпты. Мамандар жаңартудан кейін бұл көрсеткіш 37% төмендегенін айтады.
Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев