Бұл туралы Үкімет отырысында индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде республика аумағында бес жаңа кен орны анықталған. Оларда шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс, 11 млн тонна марганец және 1,3 млн тонна фосфорит бар. Айта кетейік, қазір елімізде пайдалы қазбалардың 103 түрі бар. Мамандар зерттеу жұмыстары әлі жалғасатынын айтты.
Иран Шархан, ҚР индустрия және құрылыс вице-министрі:
- Геологиялық талдау саласын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертханалық кешен құрылып, ғылыми орталық ретінде қызмет атқаратын болады. Құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан 4 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба құны 14 млрд теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.
Үкімет отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. 21 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры ашылып, өмірге қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрілердің резерві құрылыпты. Сондай-ақ алдағы уақытта ауылдық жердегі медициналық мекемелер жанынан дәріхана ашу жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша МӘМС шеңберіндегі 3 мыңға жуық дәрілік заттың бағасы қайта қаралыпты. Бөлшек және көтерме саудаға да талдау жүргізілген. Жиында дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейтуге қатысты атқарылған жұмыстарда баяндады. Қазақстанда жаңа препаратты тіркеу бұрынғы 2-5 жылдық мерзімнен 100 жұмыс күніне дейін қысқартылыпты. Мақсат емдеу және диагностикалау әдістерін тұрғындар үшін қолжетімді ету.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:-Көптеген науқастар дәрі-дәрмекті үзбей, кестеге сай қабылдауға тиіс. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Дәріханаларда рецепт бойынша берілген дәрілердің тиісті сапада және қолжетімді бағада міндетті түрде болуын қамтамасыз ететін жүйені жолға қою қажет. Халық тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беру қажет. Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын барынша ашық, әділетті және ең бастысы барлық азаматтар үшін қолжетімді ету.