Соғысқа кеткен әкесін 80 жыл өткен соң тапқан тыл ардагері

  • 9
  • 11.11.2025, 17:32

Соның 600 мыңнан астамы елге қайта оралған жоқ. Тағы 271 мың жауынгердің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Сол хабарсыз кеткендердің бірі Қазиза Наурызбаеваның әкесі. Ол 80 жыл уақыт өтсе де, әке аманатын арқалап, үміт отын өшірмеген жан.

Қазиза Наурызбаева, еңбек және тыл ардагері:

-Әкем Наурызбаев Жұматайды 41-ші жылдың шілде айының 28-де майданға алып кетті. Төрт баламен анамыз аңырап қала берді ғой. Алғашқыда үшбұрышты хаттар келіп тұратын. Ол хаттар да көпке бармады. Сол соғыстан әкем оралмады ғой.

Сұрапыл соғыс басталған кезде Қазиза Наурызбаева бала еді. Жетіге де толмаған. Ес біліп, мектеп табалдырығын аттар шағында қан майдан оны әкесімен қоса, бақытты балалық шақтан да айырды. Арада аштық пен жоқшылыққа толы жылдар өтті. Тағдырдың талай тауқыметін кешкен ару, уақыт өте ақ жаулық жамылды, әже атанды. Бірақ жылдар бойы көкейінен кетпеген бір ғана арман әкесінің бейітін табу еді. Кейуана талай архив ақтарды, талай есік қағып, талай жерге хат жазды. Үмітін үзбей, әр құжаттан әке есімін іздеді. 90 жасқа толған шағында әженің сол үміті ақталды.

40 жыл қағаздан іздеген әке есімі, бір ғана қателіктің салдарынан табылмай келіпті. Құжатта Жұматай емес, Жұмұр деп жазылған. Бірақ қажырлы ізденістің арқасында Ресейдегі 960 жауынгер жерленген бауырластар зиратынан анықталды. Сол жерден алынған бір уыс топырақ бүгінде туған елге жеткізілді. 

Қазиза Наурызбаева, еңбек және тыл ардагері:

-40 жылға таяу іздедім. Барлық саналы өмірімнің арманы осы болды. Содан айтам ұрпақтарыма барлығы сендердің аталарыңның қан кешкен жеңісінің арқасы деп. Бағалай біліңдер, біліңдер.

Қазиза әжейге «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі қолғабыс еткен. 6 жыл ішінде бұл ұйым талай жауынгердің жатқан жерін анықтап, елге топырағын жеткізуге жәрдемдескен.

Әбубәкір Смайылов,  «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары: 

-2019 жылдан бері қарай біз өтініш қабылдап жатырмыз. Әркім кез келген қазақстандық азамат өзінің соғысқа қатысып кеткен ата-бабасын іздеуге мүмкіндігі бар тегін. Осы арада 12 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде 4500-ден астам хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтардың тағдырын анықтадық. 

Мамандардың сөзінше, іздестіру жұмыстарының 97% мұрағаттық жүйемен жүргізіледі. Ондағы негізгі қиындық Кеңес үкіметі кезінде қазақ есімдері бұрмаланып жазылған. Салдарынан, анықтауға біршама жыл кетуі мүмкін. Ал іздестірудің қалған 3% – далада жүргізіледі. Мәселен, Майдан Құсайынов жетекшілік ететін іздестіру тобы 47 жыл бойы түрлі экспедицияға шығады. Сұрапыл соғыс даласында қалған жауынгерлердің сүйегін іздейді. 

Майдан Құсайынов, «Мемориалдық аймақ» іздестіру тобының жетекшісі:  

-Осы уақытқа дейін 3224 жауынгер мен командир туралы ақпаратты анықтадық. Мемориалдық аймақтар жасап, олар табылған жерге белгі орнаттық. Іздестіруге келгенде, қақаған аязды да, түнді де елемейміз. Із-түссіз кеткен боздақтарды табуға барымызды саламыз. 47 жылда өзіммен қатарлас 15 командир минаға жарылды. Бұл жұмыстар өте қиын. Бірақ бейбіт күн үшін кеудесін оққа тосқан азаматтарды іздеп-табу парызымыз деп білемін.

Бүгінде Майдан Құсайыновтың бастауымен «Батылдық пен парызға адалдық» атты медаль әзірленді. 

Ол із-түссіз жоғалған майдангерлердің туыстарына табысталады. Бұл ұмытылған ерлікті ұлықтаған, үміт отын өшірмеген жандарға деген құрметтің белгісі. 
 
Себебі әке аманатын арқалаған Қазиза әжейдей жандар барда, майдангерлер ерлігі ұмытылмайды. 

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов, Азамат Саметов