Елде травматологиялық пункттер жұмысы күшейтілді

  • 7
  • 11.11.2025, 19:42

Елімізде көктайғақ салдарынан травматологиялық пункттердің жұмысы күшейтілді. Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кешеден бері жүзден аса адам жарақат пункттеріне жүгінген. Павлодарда 16 адам дәрігер көмегіне жүгінген. 

Еліміздің біраз бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғаққа ұласуда. Солтүстік өңірде бұрқасыннан, Оңтүстіктегі жауын-шашыннан жел де күшеюде. Қар жинау және шығару, мұз ою жұмыстары жүргізіліп жатса да, жарақат алып жатқандар көп.

Ертісбай Молдагелдинов, дәрігер-травматолог:

-Қар жауғаннан бері біз күніне орта есеппен жүзге жуық пациентті қабылдаймыз. Өткен тәулікте бұл екі есеге жуық артты, яғни 149 өтініш болды. Оның ішінде 90 науқас егде жастағы, жас пациенттер де бар. Егер кімде кім құлап, жарақат алса, бірден келген дұрыс. Кейбіреулер үйде отырып, бір аптадан кейін келіп жатыр. Мұндайда мүлде басқа ем-дом жүргізу керек болады.

Павлодарда да көктайғақ салдарынан құлап, жарақат алғандар саны көбейді. Қазіргі уақытта коммуналдық қызмет өкілдері халық көп жүретін жолдар мен тротуарларға, сондай-ақ аялдамалардың маңына көктайғақтың алдын алу үшін арнайы қоспа сеуіп жатыр. «Алайда бұл шаралар жеткіліксіз»,– дейді мамандар. Мұз үстінде жүру өте қауіпті. Сондықтан аса қажеттілік болмаса, әсіресе қарт адамдардың далаға  көп шықпағаны жөн.

Дәурен Смағұлов, №1 қалалық аурухананың травматолог-дәрігері:

-Бізге абайсызда құлап, түрлі дене жарақатын алған тұрғындар көп келіп жатыр. Егер сүйегі сынып, буыны шығып кетсе немесе сіңірдің созылуы сияқты жарақаттар болса, біз оларды ауруханаға жатқызамыз. Күндізгі стационарға қабылданып жатқандар да бар.

Иә, кешелі-бері елімізде қарлы-жауын. Соның салдарынан жерге мұз қатып жатыр. Сондықтан мамандар көктайғақтан абайлауды және көлікпен алыс жолға шықпаған жөн дейді.

Құралай Жұмахан