Белгілі қаламгер Ғалым Доскен өмірден өтті

  • 8
  • 11.11.2025, 19:43

Белгілі әдебиет сыншысы, филолог, қазақ журналистикасының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға Ғалым Доскен 65 жасында өмірден өтті. Ұлттың руханияты үшін сүбелі жобаларды ұйымдастырып, жетекшілік еткен Ғалым Төлембекұлы соңғы жылдары деректі фильмдер мен тарихи драмалардың сценарийін жазып, жарыққа шығарды.

Ғалым Төлембекұлы жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жастар ұйымына қарасты басылымдарға бас-көз болды. «Сол кездің өзінде қазақтың тарихына, мәдениетіне терең үңіліп, зерттеп жүретін»,– дейді бүгінде замандастары. Руханиятқа жанашыр Ғалым аға ұлттық қазынаны қайта жаңғыртуға да зор үлес қосты. Қазақтың мың күйін жинап, «Мәңгілік мұра», одан кейін «Мәңгілік сарын» атты ән жинақтарын шығарды.

Талғат Мұқышев, сыбызғышы:  

-Ол кісі әрқашанда Талғат осы сыбызғы өнері бізде кенже қалды осы өнерді көрсету керек. Бұл жаңағы қобыз бен домбыраның қасында қатар тұру керек деген үлкен ақыл-кеңестерін айтып сол жобада ағамыз мені сонау Қытайға жіберді. Кезінде біздің сыбызғы өнеріміздің санаулы-ақ күйлері бар еді. Сол жобада 100 тарта күй әкеліп осы үлкен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» деген жинаққа әкеліп қостық.

Жоқты түгендеп, жарыққа шығарған Ғалым Төлембекұлы дәстүрлі музыканы шын бағалаушылар азайып бара жатқанын айтып қынжылған еді. Мұның да жолын тауып, музыка фестивалін ұйымдастырды. 

Ғалым Доскен, қоғам қайраткері, қаламгер, әдебиет сыншысы:   

-Қазақтың ең асыл қазынасы деп айтуға болады, музыкасы. Соны біржола жоғалтып алу деген қауіптің тура алдына келіп тұрған сияқтымыз. Жоғалтып алғанда нотаға, таспаға жазылған дүние жоғалмайды. Бірақ тыңдаушысы жоғалған кезде, тыңдаушысы жоқ музыканы тұл деп айтуға болады. Сондықтан осы жерде жұртқа қозғау салу мақсатында, ойына бір түрткі салу мақсатында осы фестивальді өткізуге бел байлаған едік.

Ғалым Төлембекұлы – қазақ телевизиясының ұлттық бағытын айқындаған тұлға. Интеллектуалды, тәрбиелік мәні бар бағдарламалардың жарыққа шығуына сеп болды. 

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы:   

-Қазақстан телерадиокомпаниясын басқарған кезде Ғалымның қолтаңбасы бірден байқалды. Ұлттық дәстүрімізге, тарихымызға, мәдениетімізге байланысты, көне сөздерімізге байланысты, Күлтегінге қатысты өте жақсы хабарлар сол кезде ұйымдастырылды. Жалпы біздің руханиятымыздағы үлкен үлкен шаруаларды тындыруға белсене араласқан бір тұлға болса осы Ғалым еді. Жатқан жері жарық болсын! 

Былтыр ғана Ғалым Төлембекұлы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» атты драманы аяқтап, тарихтың белгісіз беттерін бедерлеп, көрерменге сүбелі еңбек ұсынған еді. Қайраткер тұлғаның руханиятқа сіңірген орасан еңбегі оның есімін ұмыттармасы анық.