Мамандардың айтуынша, бұл өңірдегі ең үлкен балық шаруашылығы болады. Бірнеше кезеңнен тұратын жоба аясында тауарлы балық көлемін мың тоннадан асыру жоспарланған.
30 жыл бұрын Басықара ауылындағы тоғанда жылына 500 тоннаға дейін тауарлы балық өсірілген. Кейін жекенің қолына өтіп, көп ұзамай жұмысын тоқтатқан.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бұл жерде барлығы 52 тоғанды қалпына келтіру жоспарланған. «Оның 13-і келесі көктемге дейін іске қосылады», - дейді мамандар. Сол кезде шамамен 500 тоннадан астам су маржанын сүзуге мүмкіндік туады.
Биыл нысанға электр желісі тартылып, су арнасы мен құбырлары жаңартылды. 400 мың дана шабақты қыстататын екі тоған іске қосылды. Мұнан бөлек көлемі 250 гектар болатын жаздық тоған қайта жаңғыртудан өткен.
Қуаныш Өмірзақов, серіктестік директоры:
- Осы жерде 462 гектарды барлығын игеруіміз керек. Барлығын игеретін болсақ, карп балығы мың тонна, 1200 тоннаға дейін бұл жерде шығаратын біздің мүмкіншілігіміз болады. 2027 жылы бұл жерге инкубациялық цех түседі. Инкубациялық цех өзіміз аналығынан, аталығынан алып, сол жерден уылдырық шайқап, сол жерден бастап балықты шығарамыз.
Мамандардың айтуынша, бұл өңірдегі ең үлкен тоған болмақ. Тұқы, сазан, ақ амур және дөңмаңдай өсіріледі. «Соңғы жылдары ауданда тауарлы балық өсіруге бет бұрғандар қатары артып отыр», - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Еркін Сейітов, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- «Ауыл аманаты» жобасы ауданда жүзеге асып келе жатыр. Биылғы жылы 40 үміткер алып отыр. Оған 300 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Сол жобалардың ішінде де осы балық тоғандарына шағын елді мекен маңынан тоғандар ашып жатқан тұлғалар бар. Аудан аумағында осындай 22 маңызы бар көлдер бар. Бұдан бөлек ауданда 10-5 гектар көлемінде 10 тұлға қазіргі таңда балық тоғандарымен айналысуға ниеттерін білдіріп, қазір жұмысын бастап жатқан жайы бар.
Өңірде былтыр мың тонна тауарлы балық өсірілген. Биыл оның көлемі мың жарым тоннаға жетті. Облыста 80-ге жуық тауарлы балық шаруашылығы жұмыс істейді.
Одан бөлек, Сырдария мен Арал және 160 көлден су маржаны сүзіледі. Былтыр Қызылорда облысынан 13 мемлекетке 4,5 мың тонна балық өнімі экспортталды.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев