Павлодарда бір топ аққу қыстап қалды

  • 8
  • 13.11.2025, 19:49

Қала тұрғындары Усолка өзенінде жүзіп жүрген сұлу құстарды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялап жатыр. Ал,  табиғат жанашырлары киелі құстардың тағдырына алаңдаулы. Қыстың көзі қыраудағы мамыражай көрініске біздің тілшілеріміз де куә болды.

Өзенде баяу жүзген он аққу қыстың жақындағанын ұмытып кеткендей. Қала тұрғыны Дәулет Зәкәриянов Усолка өзенінің жағасына күн сайын серуенге шығады. «Жыл құстарының ішінде үйректердің қыстап қалатынын білемін. Аққулардың оңтүстікке ұшпауын алғаш көруім», - дейді.

Дәулет Зәкәриянов, қала тұрғыны:

- Бірнеше жылдан бері қарап жүрмін, енді мен осындай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Енді менің ойымша, олар бір себептен жылы жаққа ұша алмай қалды. Балалапандары қалды ма? Әлде біреуі ауырып қалды ма? Олар білесіздер ғой, сыңарын тастамайды ешқашанда. Ұша алмай қалғандары сондай жағдайдан ба? Обал тура.

Құстарды күнделікті тіршілігін бақылап жүрген орманшылар: «Өзен суы жылы, қорек мол, алаңдауға еш негіз жоқ», - деп отыр. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қыс мезгілінде аққулардың жылы жаққа ұшпай қыстап қалатын кездері болып тұрады екен. Бірақ дәл осындай тобымен қалғаны бірінші рет кездесіп тұр. «Күн күрт суытып, өзенге мұз қатып қалса, онда құтқару шараларын қолға алуға тура келеді», - дейді орман шаруашылығының қызметкерлері.

Аждар Жүсіпов, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы:

- Бұл Қызыл кітапқа енбеген сыбырлақ аққулар. Он аққудың төртеуі – балапан. Оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Біз күн сайын келіп, құстарды бақылап, тексеріп отырамыз. Усолка өзені толық мұз болып қатып қалғанда әлсіреп немесе мертігіп қалғандары болса, оларды қамқорлыққа аламыз. 

Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов аққуларды биыл тек Усолка өзенінен емес, облыс аумағындағы шағын тоған көлдерден де кездестіріпті. Айтуынша, құстардың солтүстік өңірді таңдауының бірнеше себебі бар. 

Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы, профессор:

- Енді бізде тек осы құс қана қалды деп айтуға болмайды. Мысалы, мен кеше басқа да құстарды көрдім. Павлодар маңында күз жылы болып тұр, су әлі қатқан жоқ. Сондықтан су жағасындағы құстарды кездестіруге болады. Оның үстіне, жалпы ғаламдық өзгерістердің бар екенін де бүгінде ешкім жоққа шығармайды.

«Құстардың мінез-құлқына қарап қыс жылы болады», - деп болжам жасап жатқандар бар. Синоптиктердің мәліметі де осы пікірге сәйкес келеді.

Ирина Анохина, «Қазгидромет» орталығы Павлодар филиалының  бөлім  басшысы:

- Алдын ала болжам бойынша қараша айы жылы болады. Алғашқы аяздар желтоқсанның ортасында басталуы мүмкін. Ұзақмерзімді болжамдар бойынша биылғы қыс әдеттегіден жылы өтеді деп күтілуде. Орташа ауа температурасы көпжылдық мөлшерден 1–2 градусқа жоғары болады.

Естеріңізде болса, былтыр Екібастұздағы көмір кенішінен табылған бірқазандар құтқарылған еді. Сондай-ақ қанаты сынған аққу да қамқорлыққа алынды. Киелі құстарға бұл жолы да қауіпсіз орын табылатынына сенім мол.  

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков