Енді сарбаздар сапалы медициналық қызмет көрсете алады

  • 16
  • 17.11.2025, 19:37

Елдегі әскери бөлімдерді дәрі-дәрмек қоры және тиісті жабдықтармен қамту ісі жандана түсті. Тіпті әскери хирургтар далалық алқапта ота жасай алады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында белгілі болды.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз туры Талдықорған қаласындағы әскери госпитальдан басталды. 75 орындық мекемеде соңғы үлгідегі стоматология, ультрадыбыстық зерттеу, МРТ аппараты сынды қажетті медициналық құрал-жабдықтардың барлығы бар. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Тіпті далалық жерде көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жылжымалы госпиталі де дайын.

Қаныш Әбубәкіров, ҚР Қорғаныс министрінің Тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары:

- 16 госпиталь мен лазарет және де тактикалық буында 130-дан астам басқа да медициналық мекемелер жұмыс істейді. Ол мекемелерде үш мыңнан астам медицина қызметкерлері жұмыс атақарады. Дәрігерлер мен арнайы медбикелерді ҚР-ның барлық жоғарғы және арнайы оқу орындарынан аламыз. Ресей, Қытай, Түрік мемлекеттерінде бізге болашақ мамандар оқытылып жатыр.

Сарбаздардың саулығы үшін Сарыөзек пен Қонаев қаласындағы горнизондар да тиісті жабдықтармен қамтылған. Әскерилер мен олардың отбасы мүшелерін уақытылы медициналық тексеруден өткізіп, қажет болса, ота жасауға да мүмкіндік бар. Ал Алматыдағы госпиталдың симуляциялық орталығында әскери хирургтар жапондық әріптестерінен жарақат алған жанның қанын тез тоқтатып, қалпына келтіруді үйреніп жүр. Ол үшін ішіне шошқаның органдары салынған манекен қолданылады. Мұндай жоба Орталық Азияда алғаш рет іске асуда. 

Макото Нишикава, Жапонияның өзін-өзі қорғау күштері орталық госпиталінің хирургия басшысы:

- Бұл әскери медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған Қазақстан мен Жапонияның жобасы аясында өтіп жатыр. Оның шеңберінде гибридті симулятор қолданылады. Негізінен далалық жерде жылдам көмек көрсету, соның ішінде қан тоқтату, оның залалын болдырмау секілді тәсілдер үйретіледі. Қазақстандық мамандардың деңгейі жоғары, шеберлігіне тәнті болып жүрміз.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жаңғырту жұмыстары елдің оңтүстігінде шалғай жатқан «Гвардийск» горнизонында да жалғасып жатыр. Бұған дейін тоқырау кезеңінде әбден тозған тұрғын үйлер жөнделіп, әскерилерге тапсырылса, бүгінде осы монша секілді ескі ғимараттар кезең-кезеңмен қайта қалпына келтірілуде. Бұдан өзге, осы қалашықтағы госпиталге қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынып жатыр. Мекеме әскерилер, қатардағы сарбаздардан өзге, жақын маңдағы Отар ауылының тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

Қазір мұнда 30 адам ем қабылдап жатыр. Ал соңғы жылдары су жаңа аппараттар алынған. Оның ішінде италияндық рентген-диагностикалық кешені де бар.

Шынболат Қуантаев, сәулелі-диагностика бөлімшесінің бастығы:

- Бұл жерде кеуде клеткасының, ішкі қуысының рентгограммасы және перефериялық сүйектер зерттеледі. Заманауи медициналық техниканың көптеген дамуларын көруге болады. Бұрығы аппаратуралар кезінде кассета болатын, оны мына жердегі детектерге салып, оны апарып кассета қабылдағышқа арқылы ақпарат көшірілетін. Қазіргі таңда ол жойылды. Түгелдей автоматты түрде зерттелген сурет компьютерде көрінеді.

Әскери медицина қызметін жетілдіру үшін биыл 600-ден астам заманауи жабдық алынған. Бұдан өзге, Қарулы Күштердегі тозған ғимараттарды жөндеп, жаңасын салу ісі жалғасып жатыр. Тек осы жылы 30 нысан тұрғызу көзделген.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбай