Соңғы уақытта трассаның 15 шақырымына құм-қиыршықтас аралас қоспа төселген. Бұл учаске жалпы ұзындығы 156 шақырымдық жолдың негізі бөлігі. «Кендірлі курорт аймағында қолға алынған ауқымды жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға тың серпін береді», - дейді мамандар.
«Темір баба» кеден бекеті қазақ-түрікмен шекарасында орналасқан. Бекетті Кендірлі курорт аймағымен қосатын трасса екі жылда толық қалпына келтіріледі. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өкілінің мәліметінше, негізгі жолдың 7 шақырымында жерді қазу жұмыстары жасалған. Тағы 11 шақырымына қиыршық тасты құм төселіп, 11 шақырым айналма жол салынған.
Қазыбек Мәмбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалының директоры:
- «Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан Республикасы шекарасындағы» жоба. Бұл жерде 114 шақырым орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның арғы жағында 179-дан 229-ға дейін 50 шақырымды күрделі жөндеуді бастап кеттік. Маңғыстау облысында 95 пайызы асфальттанған жолдар болса, республикалық маңызы бар, соның жетпей тұрған 5 пайызы осы күрделі жөндеу болып тұр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Жоба құрылысы биыл «Кендірлі» курорт аймағынан басталды. Осы аралықта 20 шақырымнан астам жерге асфальт төселді. Қазір біз тұрған аумақтан Түрікменстан Республикасына дейінгі арақашықтық – 90 шақырым.
Мемлекетаралық трассаның 65-179 шақырымдық бөлігін, яғни 114 шақырымын орташа жөндеу бір уақытта жүріп жатыр. Оның құрылысына Маңғыстауда өндірілген жол материалдары қолданылуда. Жолдың жақсаруымен транзит жүк айналымы күрт артқаны байқалады. Көршілес түрікмен елінен келетін жүк көліктері бұрын Қазақстанның теңіз порттарына Ақтау арқылы баратын. Енді кезек Жетібай ауылынан тіке қатынайды.
Сырым Шапағат, «Қарақия ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ басшысы:
- Бұрын Ақтау қаласымен айналып келетін болса, қазір жол екі есеге дейін қысқарып, жеңілдік болды. Сонымен қатар облыс тарапынан қоғамдық көліктер ұйымдастырылып, халықтың қатынауына көптеген жағдайлар жасалуда.
Айта кетсек, қазақ-түрікмен арасындағы күрежол Тәуелсіздік жылдары алғаш рет жөнделіп жатыр. Жоба инфрақұрылымын 2027 жылдың соңына дейін жаңартып, халықаралық бағыттағы көлік дәлізіне айналдыру күн тәртібінде тұр.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин