Биыл көктемде арнасынан асқан Жайық өзені бірнеше ауылға қауіп төндіргеннен кейін өңірде шұғыл инженерлік жұмыстар қолға алынған еді. Мамандардың айтуынша, кезекте тағы үш ауылдық округ бар.
Махамбет селосын тасқыннан қорғауға арналған ұзындығы 5 шақырымға жуық жаға бекіту жұмысы 90 пайызға аяқталған. Енді жағалауды абаттандырып, жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдар орнатылып жатыр. Құны 17 млрд-тық жоба жыл аяғына дейін мәреге жетуі тиіс.
Сергей Пак, мердігер мекеменің өкілі:
- Жаға бекітуге осы заманғы ең озық технология мен материалдарды қолданып жатырмыз. Габиондық материалдың биіктігі – 7 метр. Ол суға да, сыртқы әсерге де төзімді. Бөгет жер деңгейімен теңестірілгенде жағалау толықтай абаттандырылады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Соңғы 15 жылда Жайық өзені арнасын оңтүстіктен терістікке қарай 70 метрге дейін өзгерткен. Салдарынан ондаған ауылға қауіп төнді. Әсіресе 2024 жылы осы Махамбет ауданында көптеген ауылдар су қоршауында қалған болатын.
2024 жылы жоғарыдан аққан Жайық өзені Махамбет ауданының тұсында 9 метрге дейін көтерілген болатын. Ауданға қарасты 11 ауылдық округті су қоршады. 30 жылға жуық судан қауіп күтпей келген өңір әбігерге түсті. Әсіресе аудан орталығы – Махамбет селосы мен Алға ауылы көптің күшімен аман қалған еді. Содан кейін барлық елді мекенде бөгет салу жұмыстары басталды.
Асылхан Шакимов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда ең негізгі деп ең қауіп төндірген осы Махамбет пен Алға ауылының жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ал болашақта негізінен қауіпті деген Талдыкөл ауылы және Есбол ауылының жобалау сметалық құжаттамалары дайын тұр. Талдыкөл ауылына конкурс ұйымдастырып, мердігер мекемені анықтап қойдық.
Келесі жылы жоба бойынша 16 млрд теңгеге Жайық өзені бойындағы тағы 3 ауылда бөгет тұрғызу жұмыстары жалғасады. Себебі тілсіз жаудың қашан тап берерін күтсек, өзен бойындағы 32 мыңнан астам тұрғыны бар 11 ауыл қорқынышпен күн кешері анық.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин