Ұлытау облысында өрт сөндіру бөлімі ашылды

  • 9
  • 17.11.2025, 19:35

Нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Дастан Рыспеков пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты. Құтқарушыларға бірнеше арнайы техниканың кілтін табыстап, мінсіз қызмет атқарған мамандарды марапаттады.

Қаражалдағы №3 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы 2012 жылдан бері апатты ғимаратты паналап келді. Ал мына су жаңа нысан Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен жергілікті бюджет есебінен салынды. Ғимарат  құтқарушылардың жұмысына қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру техникаларына арналған жеке-жеке бокстардан бөлек, кезекші бөлімі, диспетчерлік жүйе, демалыс бөлмесі мен тұрмыстық аймақ және оқу сыныптары бар. 

Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

- Біздің міндет – азаматтарымыздың амандығы мен тыныштығын сақтау. Сол үшін қызмет ететін мамандардың жағдайын да жақсарту. Сондықтан алдағы уақытта біз төтенше жағдайлар бөлімшелерін материалдық-техникалық әлеуетін одан әрі нығайту бағытында жүйелі қолдау көрсететін боламыз. 

Өрт сөндіру бөлімі Қаражал қаласынан бөлек, оған қарасты Шалғия және Жәйрем кентіне қызмет көрсетеді. Аталған елді мекендерде 17 мыңнан астам адам тұрады. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ұжымға бірнеше қызметтік көліктің кілтін табыстады. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі жолында табандылықпен еңбек етіп жүрген мамандарды марапаттады. Құтқарушылар «Жаңарған нысан жеке құрамның оқиға орнына жылдам жетуге, тұрғындардың және өндіріс орындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді. 

Ерсұлтан Аманжанов, №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

-Жаңа өрт сөндіру бөлімін салып беріп жатыр. Осыған Төтенше жағдайлар министрлігіне және облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Міне, осындай бізге жаңа автокөліктер беріп жатыр. Осылай енді бәріміз жаңа өрт сөндіру бөлімінде жаңа мақсаттармен қызмет жасаймыз деген үміттеміз. 

Жалпы облыс құрылғалы Төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі 60 пайызға жаңарды. Соңғы үш жыл ішінде тек облыстық бюджеттен құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 549 млн теңге бөлінді. 20-дан астам арнайы техника сатып алдынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жыл соңына дейін Жезқазған мен Сәтбаев қаласында тағы 2 өрт сөндіру депосы ашылады. 

Елдос Кәкенов, Гүлшахира Серекбаева