Қостанай облысының тұрғындары көпқабатты үйлердің суық екеніне шағымданды

  • 7
  • 18.11.2025, 19:32

Қостанай облысындағы Құсмұрын кентінде көпқабатты үйлердің тұрғындары жылудың мардымсыз екенін айтып біздің редакцияға хабарласты. Олардың жылуға қатысты мәселе осымен үшінші жыл қатарына жалғасып келеді. «Биыл да мардымды жылу көрмедік»,– дейді тұрғындар. 

Светлана Галутова 20 жылдан бері көпқабатты үйде тұрып келеді. Күн суытқалы 4 бөлмелі баспанасының тек жартысын ғана паналап отыр. Жылуды үнемдеу үшін екі бөлмесін жауып тастаған. 

Светлана Галутова, Құсмұрын кентінің тұрғыны: 

-Үш жыл болды жылуға жарымай отырмыз. Ас үй суық. Жатын бөлме тіпті азынап тұр. Жылу өлшейтін құрылғымен көрсете аламын. Мінекей, небәрі 15-16-ны ғана көрсетіп тұр. Ал жылу қалыпты болған жағдайда шамамен 49-ды көрсетуі керек. 

Құсмұрын кентіндегі орталық қазандыққа көпқабатты 17 үй қосылған. Шамамен 480-ге жуық абонент бар. Соның 70-і жылу жеткіліксіз деп шағым айтып отыр. 

Жанат Кенжетаева, Құсмұрын кентінің тұрғыны:

-Жылу маусымы басталғалы үйіміз суық болды. күнде-күнде суын төгіп отырамыз. Батарея тастай. Залда, екі жақ та тастай. Мына жақта жай ғана қанжылым болды. Ыстық болған жоқ. 

Ауыл тұрғындары мәселені айтып аудан әкімдігі мен жылуға жауапты компанияға шағымданыпты. Арнайы комиссия құрылып әр пәтер мен жертөлені аралап, жылу жүйесі тексерілген. 

Пётр Белов, «Құсмұрын ОЭК» МКК басшысының міндетін атқарушы:

-Мәселе көп. Ең біріншіден жылу жүйесінің теңгерімі сақталмаған. Жертөледегі құбырлар ескі, бәрі тот басқан, шұрық-тесік. Кейбір үйлер рұқсатсыз еден жылыту жүйесін орнатып алған. Оған құжат түрінде дәлеліміз бар. Тиісті айыппұл да салынды. Жалпы біздің міндетіміз жылуды үйдің жертөлесіне дейін жеткізу. Ал одан әрі пәтер ішіне тартып алу меншік иесінің өз міндеті. 

Әкімдік өкілдері тұрғындарға қыс қаһарына мінгенше пәтер ішілік құбырда анықталған ақауларды өз күшімен жою қажеттігін ескертуде. 

Әсет Бекеш,  Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары: 

-Әр тұрғын өзінің үйіндегі жылу батареяларын тазалап, құбырдан ауа шығарып тұруы тиіс. Жауапты мекемеге ескертпей орнатылған еден жылыту жүйесін ағыту қажет. Осы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру үшін тұрғындарға мүлік иелері бірлестігін құру керектігін түсіндіріп жатырмыз. Жалпы орталық қазандықтан келіп тұрған жылудың көрсеткіші нормаға сай. 60 градус. 

Құсмұрындағы көпқабатты үйлердің  кейбірі осыдан 50 жыл бұрын салынған. Басым бөлігінде басқару жүйесі жоқ. Мүлік иелері бірлестігін құруға құлықсыз. «Сондықтан жылу жүйесін жай-күйін бақылау жұмыстары тиісті деңгейде орындалмай отыр»,– дейді жауаптылар. 

Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг