Қарағанды облысында да 45 мың жеке үйге өртке қарсы дабыл құрылғысы орнатылды. Ол әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың баспанасына тегін қойылды. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметкерлері пештің жылыту маусымына дайындығын тексеріп, мұржасын тазартып берді. Облыс бойынша 100 000-нан астам жеке үй бар. Кейбір тұрғын өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайды. Былтыр жылу беру маусымында облыс бойынша жеке үйлерде 314 өрт болған. Тілсіз жау салдарынан 16 адам көз жұмды. Ал биыл қазан айынан бері жеке үйлерде 70 өрт жағдайы тіркелген.Құрмет Жұмекенов, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:-Біз осы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың барлығын 100% қамтып, өрт хабарлағыш датчиктерін орнатқан болатынбыз. Енді бұл үйлердің саны бізде облыс бойынша 7184. Енді осы өрт қауіпсіздігі айлығында осы үйлерді қайта өтіп, жаңағы өрт хабарлағыш датчиктерін тексеріп, істен шыққандарын ауыстыру сынды жұмыстар атқардық.
Түркістан облысында өрт қауіпсіздігіне байланысты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жаппай тексеру басталды. Төтенше жағдай мен газбен қамту мекемесің, полиция мен жедел жәрдем қызметінің жүзге жуық маманы Ордабасы ауданына қарасты ауылдарға рейд жасады. Мамандар қайғылы жағдайға көбіне тұрғындардың салғырттығы себеп болатынын айтады. Көбінде электр сымы қолдан жалғанып, есептегіш құралы ашық тұр. Әлеуметтік нысандарда да жағдай оңып тұрған жоқ. Үй иелері мен кәсіпкерлерге кемшілікті түзеуге мұрсат берілді. Ал тұрмысы төмен отбасылардың мұржасын мамандар тазалап берді. Жасұлан Айнабек, облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:-Көмір бізде жанғыш материал болып саналады. Жанғыш материалды қазандықтың қасына көп жинап қойған. Одан бөлек мына жерде ағаштар, бұйымдар басқа да жиһаздардың барлығын жинап тастаған екен. Осыны алуға қазір бұл кісіге ұсыныс бердік. Электр ток көздерін пайдалану бойынша да бірқатар кемшілік айттық.