Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласына мамандар жетіспейді

  • 4
  • 21.11.2025, 19:41

Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласына мал дәрігері, зоотехник және агроном жетіспейді. Өзге өңірлерден шақырылған орта буынды мамандар қожалықтарға тұрақтамайды. Ал облыстағы 5 колледж жылына жүздеген механизатор мен аспаз, дәнкерлеуші дайындайды. Жергілікті нарықтан жұмыс таба алмайтын түлектер қайда барады?

Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінде 250-ге жуық студент білім алып жатыр. Мұнда қыздар аспаздыққа машықтанса, ұлдар дәнекерлеу ісі және автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларының қыр-сырын меңгеруде. Жастар негізінен шетелдік техникаларды үйренуге бейім. Солардың бірі 2-курс студенті Дамир Ерсайын жапондық автокөлікті жөндеуді меңгеріп жүр.

Дамир Ерсайын, колледж студенті:

-Бұл - TOYOTA автокөлігінің моторы. Балансировочный вал мен маслоприемникті шашып-жинап, ақауларын анықтауды үйреніп жатырмын. Болашақта мен шетелдік көліктерді жөндейтін маман болғым келеді. Ауыл шаруашылығына барайын десем, ол жақта айлық аз.

Колледждің материалдық-техникалық базасы 2020 жылы жаңартылған. Мұнда студенттер заманауи техникалармен таныса алады.  Мысалы, мына шетелдік әмбебап трактор 5-6 жұмысты бір өзі атқарады. Жеңіл және жүк көліктерінің болашақ жүргізуішлері де ең озық тренажерлардан үйренеді.

Айдос Жанғалиев, колледждің өндірістік шебері:

-Тек қана Дамир емес, 2- курс студенттері шетелдік автокөліктерді жүргізуге дайын. Себебі күнде үйретіп жатырмыз. Бұл студенттеріміз бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығына жұмысқа кірсе, жақсы маман болып шықса дейміз. Бұлар «Теңізге» вахталық жұмыстарға кетіп жатыр.

Осылайша ауылға деп дайындаған түлектер өнідіріске кетіп жатыр. Осыны ескерген жергілікті билік ветеринар, агрономдарды дайындау үшін облыс орталығындағы агротехникалық колледжге арнайы 80 квота бөледі. Бірақ олардың ауылға баруға ынтасы жоқ.

Айнагүл Жұмағазиева, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы

-Биылғы жылы осы ветеринария мамандығына 45 грант бөлінді. Бұл агрономия зоотехника мамандықтарына талапкерлер мен ата-аналардың тарапынан қызығушылықтың төмен екендігі жасырын емес. Басты себептің бірі – еңбек нарығында нақты жұмыс орнының аздығы мен жалақы деңгейінің төмендігі.

Бүгінде өңірге 30-дай агроном мен ветеринар жетіспейді. Қазір салада жүргендердің орташа жасы 55-70 аралығында. Осыған орай облыстық білім басқармасы талапкерлерді жоғарғы оқу орындарына арнайы грантпен оқытуды қолға алған. Биыл облыс әкімінің грантымен 4 талапкер Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне оқуға түсті.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин