Аталған бейнежазу құрылғыларының көбі қауіпті жол бөліктеріне қойылған. Өйткені еліміздің бұл өңірінде жол-көлік оқиғалары жиілеп бара жатқаны байқалады. Соңғы үлгідегі цифрлық технологияларды қолданудағы басты мақсат – жол апаттарының санын азайту.
Алматы облысындағы тасжолдарда жалпы саны 10 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істеп тұр. Бейнежазу құрылғыларының көбі аса қауіпті делінген жол бөліктеріне орнатылған. Солардың бірі үлкен Алматы айналма жолы. Ол ірі мегаполисті халық тығыз қоныстанған аудандармен байланыстырады. Жасанды инттеллект бағдарламасы әзірге осы жол бойындағы 50 шақты бейнекамераға орнатылды. Жолда қандай да бір қауіп туындай қалса, жасанды интеллект камералары орталыққа шұғыл ақпарат жолдайды.
Мейрам Әбікеев, Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы:
- Біздің ІІМ қаншама осы ИИ, дронды қолданып, ЕКИН патрульді қолданып, 325 АПК орнаттық. 9100 камера орнаттық. Соның бәрі жол жүргізушілердің жол ережесін сақтап, жол апатына түспес үшін. Соның бәрін қолданғанмен, жол жүргізушілердің мәдениеті болмай, сол кісілердің сана-сезіміне жетпей, оның бәрін қолданғанымыз азсыздықты көрсетіп тұр.
Бейнебақылау камералары шалғай ауылдарға да орнатыла бастады. Әзірге 32 елді мекенге соңғы үлгідегі цифрлық технологиялар бойынша жұмыс істейтін бейнеқұрылғылар қойылды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, облыс аумағында тәулігіне жүзден астам жол ережесін бұзу дерегі тіркеледі.
Блиц-сауалнама:
- Бұл өте құптарлық жағдай. Өйткені бейнекамералар орнатылғалы жүргізушілер жылдамдықты арттырмайтын болды. Бұдан былай жол ережесін бұзу дерегі біртіндеп азая бастайды деп ойлаймын.
- Жүргізуші ретінде бәрі дұрыс қой енді, камера болған да дұрыс. Ереже бұзушылық та көп болмайды, жолда тәртіп болады. Абайлаймыз ғой енді, белгімен жүреміз. Көп жыл болды жүргенімізге, тәубә, әйтеуір ақырын-ақырын жүрміз.
Облыс аумағында өткен 7 айда 6,5 мыңнан астам жол апаты тіркелді. Жол-көлік оқиғасынан зардап шегушілер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға артқан. «Өткен аптада облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы басталды. Соңғы үлгідегі цифрлық технологиялар жол апатын барынша азайтуға көмектеседі», – дейді тәртіп сақшылары.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов