Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстаннан оралды

  • 10
  • 24.11.2025, 19:45

Олардың бәрі қараша айының басында болған жойқын жер сілкінісі кезінде зардап шеккендер. Жәрдем жасау мақсатымен барған 13 медицина қызметкері он күндік миссияны орындап, елге оралды. 

Қарашаның үші күні Ауғанстанның солтүстігінде жер сілкінді. Зілзаланың күші 6,3 балға дейін жеткен. Дүмпу ошағы Мазари-Шариф қаласының маңында 28 шақырым тереңдікте тіркелді. Алғашында жиырма адамның қаза тауып, 320 тұрғынның жарақаттанғаны туралы ақпарат шықты. Құтқару қызметтері апаттың ауқымы мен жапа шеккендердің санын анықтауға кірісті. Араға санаулы күн салып, Кабул қаласына қазақстандық дәрігерлер жіберілген болатын. Гуманитарлық миссиясын орындаған ақхалаттылар елге оралды. 

Олжас Бекарысов, Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:

- Мәселен, біз болған аурханада күнделікті 50-ден астам адамды қабылдадық. Көбінің аяқ-қолы сынып, жарақаты асқынып кеткен. Олардың кейбіріне операция жасадық. Ауғаныстанда МРТ сияқты заманауи техника жеткіліксіз. Соған байланысты белгілі қиындықтар туындады. Дегенмен біздің мамандар өз біліктілігін көрсетті. 

13 адамнан құралған қазақстандық топта хирург, нейрохирург, травматолог дәрігерлері мен жедел жәрдем және өзге де медицина мамандары бар. Олар науқастарды орналастыру, хирургиялық емдік шаралар жасау және бірлескен талдау жүргізуге қолғабыс етті. 

Нұрәлі Әшіров, дәрігер – нейрохирург: 

- Біз сол елдің мамандарына өзіміздің көмегімізді беруге тырыстық. Сол жақта құрал-сайманның жетпей жатқанына қарамастан 12 операция жасап, өзіміздің тәжірибемізбен бөлістік. Біз олардан да көп нәрсені үйрендік

Қазақстандық дәрігерлер ауған жеріндегі үш ауруханада жұмыс істеген. Он күнде шамамен 300-ден астам науқасты қабылдап, 50-ден аса операция жасаған.

Айта кету керек, Қазақстаннан Ауған еліне 18 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілген болатын. Дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар мен шатыр сияқты тұрмысқа қажетті тауарлар жеткізілген. 

Ерәдулет Ыбырайұлы, Мейрамбек Кайыркелды