Қарағанды облысында «Талдау мектебі» жобасы жұмысын бастады

  • 15
  • 25.11.2025, 19:34

Қарағанды облысында Парламент Сенатының қолдауымен «Талдау мектебі» жобасы жұмысын бастады. Бұл жан-жақты білімді жергілікті сарапшыларды даярлауға арналған арнайы алаң. Өңірге жұмыс сапарымен барған Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен және қоғамдық кеңес мүшелерімен де кездесті. Жиында Президент тапсырмаларын бірлесе орындау және Сенат, мәслихаттар мен сарапшылар арасындағы ынтымақтастықтың ең тиімді тетіктері талқыланды. 

Сенат Спикері Президент бастамаларын табысты іске асыру үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Ол заңдарды әзірлеу барысында мәслихаттар мен сарапшылардың қатысуы маңызды екенін айтты. Мұндай тәсіл экономикалық дамуды жеделдетіп, негізгі құжаттарды, құрылыс және цифрлық кодекстерді, сондай-ақ банктер туралы заңды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Мәулен Әшімбаев алдағы парламенттік реформа туралы да еске салып, оның заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға және саяси өзгерістерді бірыңғай жүйеге біріктіруге бағытталғанын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап бергені белгілі. Оларды сапалы, әрі уақытылы іске асыру бәріміздің маңызды міндетіміз. Жолдауда жасанды интеллектінің роліне ерекше көңіл бөлінді. Биылғы Жолдаудың тағы бір маңызды ерекшелігі Мемлекет басшысының Парламенттік реформа жүргізу туралы ұсынысы екенін білесіздер. Бұл бастама өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртып, бір палаталы Парламентке көшуді көздейді. Қорытынды шешім халықтың пікірін ескере отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады. Парламенттік реформа аясында мәслихаттардың да ролі артады. Себебі сіздер халықпен тікелей жұмыс істеп келесіздер.

Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Қарағанды облысының әлеуетін одан әрі дамыту үшін де күш біріктіру маңызды. Индустриялық өңір елдің экономикалық дамуында елеулі үлес қосып келеді. Облыста жұмыссыздық 4% шамасында бұл Республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Жаңадан 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 46 мың адам еңбекпен қамтылған. Әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Заманауи мектептер мен спорттық нысандар ашылып жатыр.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

-Қарағандыда қазіргі заманғы спорт кластері қалыптасуда: UEFA талаптары бойынша стадион, балалар мен жасөспірімдерге және кәсіби спортшыларға арналған бірқатар нысан салынуда. Алты мектеп ашылды. Оның бесеуі «Келешек мектептері» жобасы бойынша тағы бес «Келешек мектебі» салынып жатыр. 265 білім беру нысаны 15 млрд теңгеге жөнделді.  33-і күрделі жөндеуден өтті.

Облыста «Талдау мектебі» жобасы өз жұмысын бастады. Бұған дейін ол тек Сенат жанында ғана болса, енді алғаш рет өңірлік деңгейде қолға алынды. Жергілікті сарапшыларды даярлауға арналған арнайы алаңда жастар білімін шыңдайды. Оларға ғалымдар мен саясаткерлер дәріс береді. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мектеп жұмысымен танысып, жастарға еліміздің дамуына сарапшылардың қосатын үлесі маңызды екенін түсіндірді. Сондай-ақ Е. Букетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, ерекше балалар арасындағы бочча бойынша достық матчқа қатысты. 

Қарағандыдағы 8 көмір шахтасына кезең-кезеңмен радиобайланыс және позициялау жүйесі енгізіліп жатыр. Ол шахтада цифрлық «қорғаныс» ретінде жұмыс істейді. Оның көмегімен жер астындағы әр кенші мен техника бақылауда болады. Төтенше жағдай туындаған кезде жүйе учаскені тез анықтап, құтқару қызметін жіберуге мүмкіндік береді. Көмір кәсіпорнына барған Сенат төрағасы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін позициялау жүйесінің жұмысымен танысып, арнайы байланыс көмегімен жер астындағы кеншілермен сөйлесті. Мәулен Әшімбаев өңірдегі өзге де кәсіпорындарды аралады.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит