Ақтауда $300 млн-ға жаңа теңіз порты салынады

  • 13
  • 25.11.2025, 19:38

Ақтауда құны 300 миллион доллар болатын жаңа теңіз портын салу жоспарда. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Заманауи кешен «Қытай Қазақстан Ақтау Баку Поти Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Жалпы елімізде қазір бес ірі трансшекаралық хаб құру қолға алынған. Олар Қазақстанды негізгі көлік-логистикалық торабына айналдыруы тиіс.  

Трансшекаралық хабтарды дамыту. Бұл нысандарға бару үшін қазір көлік инфрақұрылым толық бар. Бірақ ол жолдарды кеңейту, кей бөліктерін жаңғырту қажет. Қазір тасымалдың артуына байланысты оларға жаңа темір жол желілерін төсеу қажет дейді мамандар. 

Әңгіме қай аймақтарға қатысты болып тұрғанын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылуда. Ал еліміздің шығысында арнайы экономикалық аймақтарды біріктіретін Қорғас торабы болады. Батыс Қазақстанда «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы жұмыс істеп тұр. Жамбыл облысында сауда-логистикалық кешені салынып жатыр. Орталықта тауарды өңдеу және бөлу қызметі атқарылады. Ақтауда тағы бір порт бой көтереді. Соның нәтижесінде жүктерді жеткізу мерзімін қысқартып, тасымалдау шығынын 18% төмендету көзделуде. 

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

-Бұл хабтарды іске қосу шекара маңындағы мемлекеттермен сауда процестерін едәуір жеделдетуге, шикізаттық емес экспорт көлемін 30% арттыруға және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
 
Қазақстан бұл жобалар арқылы Орталық Азияның негізгі көлік торабына айналдыруды көздеуде. Демек бұл іс тек инфрақұрылым құрумен шектелмеуі тиіс. Бизнеске қолайлы жағдай жасалып, хабтардың тартымдылығын арттыруға көңіл бөлген жөн. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Хабтардың аумағында логистика, қоймалау, жүктерді тиеп-түсірумен ғана шектелмей, нақты өндірістер құрып, жұмыс орындарын ашу да маңызды. Сервис деңгейі жоғары болған сайын, хабтардың аумақтары да резиденттермен тезірек толығып, экономикалық тиімділігі арта түседі. Осыған байланысты инвесторлармен, операторлармен және өндірушілермен тұрақты диалог орнату қажет.

Үкімет отырысында сондай-ақ қалдықты басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Бір ғана коммуналдық секторда жыл сайын 4,5 млн тонна қоқыс шығарылады. Алайда оның тек 25 ғана өңделеді. Саланы жаңарту үшін 60 жоба жасалыпты. 

Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі: 

-60 жобаның ішінде 92 бірлік қоқыс таситын көлік сатып алуға бағытталған 8 жоба, сұрыптау бойынша жылдық қуаты 2,3 млн тоннаны құрайтын 19 жоба, қайта өңдеу бойынша жылдық қуаты 920 мың тоннаны құрайтын 33 жоба қарастырылған.
 
Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртейтін зауыт салу көзделіп отыр. Олар толықтай шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылады. Айтпақшы тұжырымдамада экология саласындағы компанияларға қойылатын талаптар қатаңдатылыпты.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Меркенов