СҚО-дағы судың астында қалған жайылым: бақташылар көмек сұрайды

  • 3
  • 26.11.2025, 19:36

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері ауыл шаруашылығында мақсатсыз пайдаланылған 120 мың гектар жер мемлекет меншілігіне қайтарылды. Бірақ өңірде жерге қатысты мәселе толық шешілмей тұр. Арнамызға 4 ауылдың төрт түлігін бағатын бақташылар хабарласып көмек сұрады. Олардың айтуынша, биыл көктемде жайылым жерлерді су басып, мал бағу бойынша қиындықтар туындаған. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері не дейді? 

Кеңес Көкеев пен Жанат Қошпанов Бескөл, Бәйтерек, Прибрежный, Подгорный ауылдарының 350-ге жуық жылқысын бағады. Биыл көктемде олардың жайылымын су басып, күздің қара суығында қатып қалған. Енді тура қыстың алдында мал бағатын жер болмай тұр. Өйткені жерлер жағалай жалға берілген. Қазір жылқылар орамжапырақ жиналған алқапта бағылып жүр. 

Кеңес Көкеев, жылқышы:

-Мынау бағатын жердің бәрін екі жылдан бері су басып кетті. Мынау ауылдын шыққаннан 200 метрден кейін олардың жерлері басталады. Ең болмаса мына жерден бір 2 км бізге берсе жерді, біз көп сұрап тұрған жоқпыз, бір 2 км. Әр жағына өздері еге берсін.
 
Бақташы Қуандық Мұхамадиевтің айтуынша, жайылым ірі қараға да жетіспейді. «Бұл мәселе жылдар бойы шешілмей келеді», дейді ол. Сондықтан тұрғындар қолда бар малын сатып, табын едеуір азайып қалған.   

Қуандық Мұхамадиев, бақташы:

- Бескөлге көшіп келгелі 9 жыл бойы мал бағып жатырмын. Басында көп мал бар. Бәрі осы жерге таласумен бәрін сатып жатыр. Бәрі сүтпен айналысып, көп мал ұстады. Жермен осы мәселе бәрі. Мал оттайтын жер өте аз.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қызылжар ауданында 9 мың гектар жайылым жердің жетіспейтіні анықталды. Қазір осыған байланысты тиісті шаралар қолға алынып, 7 ауылдың шекарасын ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр.  

Руслан Аспанов, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

-Қызылжар ауданы бойынша Бескөл, Архангелка, Новокаменка, Бәйтерек, Чапай, Подгорный және Прибрежный ауылдарының шекарасы 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Қазір тиісті құжаттар аудандық мәслихаттың қарауына жіберілді. Бұл мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің үлесі. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілермен 6 мың гектар жерге мал бағу жөнінде меморандум жасалды.

Жалпы жыл басынан бері өңірде ауыл шаруашылығында мақсатсыз пайдаланылған 120 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов