Жетісу облысында «Сарыөзек-Көктал» күрежолының құрылысы аяқталды

  • 0
  • 26.11.2025, 19:40

Жетісу облысында «Сарыөзек-Көктал» бағытындағы күрежолдың құрылысы аяқталды. Күніне мыңнан астам көлік өтетін автомагистральдың ұзындығы 178 шақырым. Шекаралы аймақтан «Алматы-Өскемен» тасжолына дейінгі аралықты жөндеуді Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында тапсырған болатын.

Сарыөзек пен Алтынемел аралығы жүк көліктерінің салмағына шыдамай бұрындары жиі бүлінетін. Соның салдарынан жолаушылар түрлі қиындықтарға тап болатын. Күрежолдың жөнделуімен аталған мәселе өзектілігін жойды.

Қалибек Шайман, жүргізуші:

- Бұрын жол нашар болған. Қазір енді шүкір жақсы әдемі болды. Халыққа жүргенге жақсы болды. Ыңғайлы. 

Ербақыт Әзіханұлы, ҚХР азаматы:

-Жунго Халық Республикасынан Қазақстанға алғаш өтуім. Жол керемет екен. Көркем екен. Сондай жақсы екен. Табиғаты да көркем екен.

«Сарыөзек Көктал» бағытын өндіріске шикізат тасымалдаушылар қайта бүлдірмес үшін жанама жол салынды. Ал асфальтқа көліктің салмағын өлшейтін таразы орнатылды.

«Сарыөзек-Көктал» бағытындағы автомагистральдің ең қауіпті бөлігі осы – Алтынемел асуы.
Оның ұзындығы 23 шақырым. Тау үстімен өтетін жол бойында тежегіші істен шыққан көліктерді тоқтататын мынандай 11 жолайырық салынған.

Сонымен қатар Панфилов және Кербұлақ аудандарына қарасты елді мекендердің маңайы жарықтандырылды. Қойбын шатқалындағы Көнбе өзенінің үстіне салынған көпір толықтай қайта тұрғызылды.    

Таңат Нұркенов, мердігер мекеме өкілі

-Көпірдің ұзындығы 69 метр. Биіктігі 13 метр. Бүкіл жұмыс жасалып бітіп жатыр. Қалғаны конус. Мост бұзылғаннан кейін конус қалды. Жақында 15 күнде аяқтаймыз.

2023 жылдан бері Сарыөзектен шекаралы аймаққа дейінгі 248 шақырым жол жөнделді. Енді қазір Қытай мен Қазақстан арасындағы «Нұр Жолы» кеден бекетінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жасұлан Қалтаев, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

-«Нұр жолы» өткізу бекетінде айналма жол ұзындығы 2,4 шақырым болады. Бүгінгі күні негізгі құрылыс монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның өзі 80% аяқталып тұр.

Жеңіл және аса ауыр техникаларға арналған жол желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сол кезде «Нұр жолы» кеден бекетінің көлік өткізу мүмкіндігі артып, тасымалданатын тауар көлемі көбейетін болады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев