Алматылықтарға тегін құқықтық көмек көрсетіп келген әлеуметтік жоба қорытындыланды. «Заң кеңесі» деп аталатын жоба үш жыл ішінде мыңнан аса тұрғынның мәселесін шешуге септігін тиізіпті. Игі бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидасы аясында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған.
«Заң кеңесі» жобасының қорытынды отырысына «Social project management» орталығының қызметкерлері, заңгерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және жобаның игілігін көрген тұрғындар қатысты. Жұмыс тобы үш жыл ішінде 1000-нан аса адамға тегін кеңес беріп, 100-ден аса тұрғынның мәселесін шешіп берген. Мысалы, шағын кәсіпкер Манас Тоғысбай да заңгерлердің көмегін алып, құқығын қорғапты.
Манас Тоғысбай, қала тұрғыны:- Осы жобаны естіп таныстардан Қуат мырзамен танысып, осы кісіге жолыққанбыз. Осы кісі сотымызға қатысып, біздің мүддемізді шешіп берді. Өте жақсы жоба, енді тегін ғой халыққа деген көмек, кеңес беру. Заңды білімдері аз адамдарға кәдімгідей көмек болады. Енді ары қарай да осы жоба жалғаса берсе деп ойлаймыз.
Әлеуметтік жобаға бекітілген заңгерлер ай сайын 8 ауданды аралап, тұрғындармен жүздесіп отырған. Одан бөлек мессенджер арқылы онлайн кеңес беріліпті. Мамандардың айтуынша, қала тұрғындары көбінесе несие мәселесі, алимент, еңбек және жер дауы бойынша жүгінген. Мұрагерлік немесе азаматтық іс бойынша құқықтық көмек алғандар да бар.
Қуат Ауғанбек, заңгер:-Бұл Үкіметтен үлкен қолдау деп білеміз. Бұл қолдауды кез келген азаматтар түрлі мәселелер ғой, түрлі мәселелермен келіп, сол мәселелерін шешуге қандай да бір өзінің құқықтық тұрғыда азырбен жүгіну, шағым жазу деген сияқты өзінің жаңағы әр азамат заңгер емес қой, білмейді ғой. Сондықтан соларды құқықтандыру, көзқарасын өзгерту деген сияқты дамыту мақсатында ұйымдастырылған жоба.
«Заң кеңесі» жобасы тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруды да көздейді. Игі бастама алдағы жылы да жалғасын табуы мүмкін.
Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев