Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы жаза күшейтіледі. Мәжіліс депутаттары қылмыстық кодекс пен қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Соңғы 5 жылда еліміздегі ақхалаттыларға қарсы күш қолдану бойынша 280 дерек тіркеліпті. Бұл тек ресми ақпарат. Енді медицина қызметкерлеріне полиция, құтқарушылар және судьялар сияқты ерекше қорғалатын мәртебе беру көзделіп отыр. Жаза қылмыстың сипатына қарай тағайындалады. Мәселен, дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін, 2-ден 4 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал зардабы ауыр болса, 3 жылдан бастап 7 және 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
-Ашығын айтқанда, Заң жобасы дәрігерлерді емес, біздің азаматтарымыздың құқығын қорғау туралы. Бұл педиатрды күтіп отырған кішкентай балаларды қорғау туралы норма. Бұл инфаркт алып жедел жәрдем шақырған зейнеткерлерді қорғау туралы. Бұл бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы туралы заң. Бұл нақты сигнал: дәрігерлер мен жедел жәрдемшілерге тиісуге болмайды.
Қазақстандықтар енді бір уақытта бірнеше жерден несие рәсімдей алмайды. Депутаттар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Басты мақсат алаяқтық әрекеттердің алдын алу. Осы үшін несие бюролары арнайы Антифрод орталығына біріктіріледі. Әрі қаржы ұйымдарына азаматтың бірнеше банкке немесе микроқаржы ұйымына бір мезетте берген өтінімдері туралы ақпаратты жедел бөлісу міндеті жүктеледі. Сонымен бірге биометриялық деректерді жинау және электронды цифрлық қолтаңба беру рәсімі енді тек азаматтың жеке қатысуымен жүргізіледі. Бұл жалған құжатпен несие рәсімдеу фактілерін азайтуға бағытталған қадам.