Павлодар облысында көктемгі тасқынның алдын алатын жаңа гидрожүйе іске қосылады

  • 13
  • 27.11.2025, 19:45

Жыл сайын елді мекендерге қауіп төндіретін еріген қар суы бұдан былай егіншілік жерлер мен  шабындықтарды суару үшін лимандарға бағытталмақ. 

Көктемгі су тасқынына дайындық биыл ерте басталды. Қазірге дейін шамамен 30 шақырым қорғаныс бөгеттері нығайтылып, 30-ға жуық су өткізу құбыры жөнделген. Арықтар тазартылды. Бұл жұмыстар су басу қаупі жоғары ауылдарда жүргізілді. Баянауыл ауданында атқарылып жатқан ауқымды жоба әуеден қарағанда айқын көрінеді. Оған бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Баянауыл ауданында лиманды суландыруға арналған гидромелиорациялық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Көктемде жүйе еріген қар суын қажетті арнаға бағыттайды. Өңірдегі су басу қаупі ең жоғары аймақ — Баянауыл. Мамандардың есептеуінше, жаңа жүйе 17 елді мекенде тасқын зардабын азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Шәкір Ахметов, Павлодар облысы ТЖД  басқарма басшысы:

- Қарағанды облысы аумағында Ақжар мен Қаратоқа бөгеттері орналасқан. Көктемде бұл бөгеттерден асқан су біздің облысымызға жетіп, Ашысу мен Қарасу өзендерін толтырады. Өзендер арнасынан асқанда елді мекендерге тасқын судан қауіп төнеді. 

Су тасқынының алдын алудан бөлек, бұл жүйенің тағы бір маңызды қызметі бар. Үш мың гектардан астам лиманды суландыру жүйесі қалпына келтіріледі. Демек еріген қар суын ауыл шаруашылығында тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.

Дияр Қайыркенов, облыстық қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

- Павлодар облысы аумағындағы барлық лиманды суландыру нысандары бір жүйеге келтіріліп жатыр. Бірінші болып бұл жұмыс  Баянауыл ауданында, одан кейін Май ауданында жүзеге асты. Өзге  аудандар да кезекпен жалғастырады. Жоспарға сай тапсыру мерзімі желтоқсан айына белгіленген болатын. Қазір біз барлық жұмысты аяқтадық. Нысандарды пайдалануға беру дайындық сатысында тұр.

Көлтабандарды суға толтыру арқылы шабындық жерлерді суландыру – ежелден келе жатқан қарапайым тәсіл. Облыста су тасқынынан  қауіп төнетін 58 ауыл гидромелиорациялық жүйемен қамтылады.

Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошқарбаев, Марат Игіліков